2026 жылдың жеті айында 1403 байланыс орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қатысты 850 мыңнан астам өтінімді қабылдап, өңдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Жүргізушілер негізінен ақылы жолдардағы төлем мәселелері, жолдардың жай-күйі, бұзылған көліктерді эвакуациялау және өзге де маңызды мәселелер бойынша хабарласқан.
Интерактивті дауыстық мәзір (IVR) жүйесінің көмегімен 251 мың өтінім операторлардың қатысуынсыз автоматты түрде өңделді. Сонымен қатар байланыс орталығының мамандары 551 мың қоңырауға жауап беріп, мессенджерлер мен дауыстық хабарламалар арқылы келіп түскен 50 мыңнан астам өтінімді қараған.
«Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша ең көп өтінім Ақмола, Түркістан, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан тіркелді. Барлық өтінімдер белгіленген регламентке сәйкес уақытылы қаралып, тиісті шаралар қабылданды», – деп мәлімдеді ұлттық компания.
Жүргізушілер 1403 байланыс орталығы, ресми сайт, Telegram-боттар және WhatsApp мессенджері арқылы тәулік бойы ақпарат алып, өтінім қалдыра алады.
Пікірлер