A+ A A-

talgatzhan 1 Бүгін, 17:30 0

ШҚО-ға өзге өңірлерден көшіп келгендердің 30 пайызы тұрақтап қалмаған

Бүгін / ШҚО

Аймақта еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қоныс аударушыларды қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қанша адам көшіп келді?

Бірнеше жылдан бері маман тапшылығын сезілетін өңірлерде көшіп келушілердің жол шығынын өтеп, тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялап, құны 7 миллион теңгеден асатын баспана сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсынылады. Алайда мұндай қолдау шараларының өзі барлық қоныс аударушыны өңірде ұстап қалуға жеткіліксіз. Бағдарламаға қатысушылардың шамамен 30 пайызы уақыт өте келе бұрынғы тұрғылықты жеріне қайта көшіп кетеді.
Бағдарлама барысында қоныс аударушыларға уәде етілген тұрғын үйдің уақтылы берілмеуі турасында мәселелер де туындаған. Бұған дейін inbusiness.kz сайтында Тарбағатай ауданында болған осыған ұқсас жағдай хабарланған болатын. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сармановтың айтуынша, бұл мәселе қазір облыс әкімдігінің бақылауында. тұрғын үймен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аталған басқармадағы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Сәуле Зарлықтың айтуынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша облысқа 171 отбасы, яғни 600 қоныс аударушы келген. Бұл – биылға белгіленген квотаның 100 пайызы. Олардың ішінде 257 адам – еңбекке қабілетті азаматтар, ал 65 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бұдан бөлек, өңірге жылдық жоспардағы 200 қандастың 120-сы көшіп келген. Биыл мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға 344,8 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, 116,6 млн теңге – көшу шығындарын өтеуге, 8,6 млн теңге – тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге, 219,6 млн теңге – баспана сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаттарына бағытталған.

«Мұндай жағдайлар кездеседі»

Дәулет Сармановтың сөзінше, ерікті қоныс аудару бағдарламасы тек мекенжай ауыстыру емес, өңірдің кадрлық саясатының маңызды тетігіне айналып келеді.
– Бүгінде ерікті қоныс аудару бағдарламасы өңірлік кадр саясатын жүзеге асырудың тиімді құралына айналып отыр. Бұл кешенді тәсіл кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, ауылдық және шекаралық аумақтарды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және жаңа экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сөзінше, аталған бағдарлама өңірдегі кадр тапшылығын толықтай жоймайды. Мәселені ішінара шешуге бағытталған. Сәуле Зарлық әр қоныс аударушы 5 жылға әлеуметтік келісімшартқа қол қоятынын жеткізді. Егер азамат белгіленген мерзім аяқталмай тұрып өңірден кетіп қалса, мемлекеттен алған барлық қолдау қаржысын қайтаруға міндетті. Қаражат ерікті түрде өтелмеген жағдайда, сот арқылы өндіріледі. Соған қарамастан, бағдарламаға қатысушылардың шамамен 30 пайызы қайта көшіп кетеді.
– Мұндай жағдайлар кездеседі. Дегенмен олардың шамамен 70 пайызы өңірде қалып, жұмыс істеп, баспана алып, балаларын осында оқытып жатыр, – деді бөлім басшысы.
Қоныс аударушылардың басым бөлігі ауылдарға және шекаралық аудандарға жіберіледі. Көпшілігі мал шаруашылығымен айналысса, кейбірі Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында дәмхана, асхана мен сауда нысандарын ашқан.

Қандастарға қолдау бар ма?

Басқарма өкілдері сәтті қоныс аударудың үлгісі ретінде Алматы облысынан Катонқарағай ауданына көшіп келген екі дәрігер отбасын атады. Өңірге қоныс аударуды ынталандыру мақсатында биыл «Шығыс шақырады» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама төрт бағыттан тұрады.
Бірінші бағыт – кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар. Қоныс аударушылар туризм, өндіріс, қонақүй бизнесі, жол бойы сервисі және креативті индустрия салаларындағы жобаларын жүзеге асыру үшін 750 АЕК-ке дейін (шамамен 3,2 млн теңге) грант ала алады. Бұл мақсатқа 65 млн теңге бөлініп, бүгінде 12 жоба мақұлданған.
Екінші бағыт – қоныс аударушылар мен қандастардың балаларына арналған облыс әкімінің білім гранттары. Биыл бұл мақсатқа 17,3 млн теңге қарастырылған. Соның арқасында ауылдық жерлерге қажетті мамандықтар бойынша 20 студенттің оқу ақысы төленеді.
Үшінші бағыт – «Оңтүстік-Шығыс маманы» пилоттық бағдарламасы. Ол сұранысқа ие мамандарға Отбасы банк арқылы жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге мүмкіндік береді. Қазір Катонқарағай ауданына көшіп келген екі дәрігер отбасы осы бағдарлама бойынша құжаттарын рәсімдеп жатыр.
Төртінші бағыт – «Құтты өңір» жобасы. Оның аясында кәсіпкерлер бос тұрған үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, қоныс аударушыларға береді. Марқакөл ауданында жөнделген алғашқы үйлер көшіп келушілерге табысталған.
Бағдарлама аясында Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген қандастарға да ерекше қолдау қарастырылған. Дәулет Сармановтың айтуынша, олардың көпшілігі арнайы мамандығы жоқ. Сондықтан қысқа мерзімді оқу курстарынан өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Айсана МЕДЕУБЕК

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив