7–8 тамыз аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз үй» ауқымды жедел алдын алу шарасы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Акцияның басты мақсаты — отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұрғын үй секторындағы құқықтық тәртіпті нығайту.
Іс-шараға ішкі істер органдарының қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері қатарынан 253 адам жұмылдырылды. 114 автокөлік қатыстырылып, 285 рейд пен 1 667 аула аралау жұмыстары ұйымдастырылды.
Тексеріс барысында тәртіп сақшылары 467 жеке үйді, 836 пәтерді және 364 саяжайды аралады. Профилактикалық есепте тұрған азаматтар мен қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды бақылауға ерекше назар аударылды. 11 осындай мекенжай анықталып, барлық ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға дереу жолданды. Шара қорытындысы бойынша 184 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Қиын жағдайға тап болған азаматтарға 33 мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілді. Кәмелетке толмаған 6 балаға қажетті қолдау ұйымдастырылды.
ШҚО Полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және отбасылық амандықты қорғау мәселелері ішкі істер органдарының тұрақты бақылауында екенін және мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізілетінін еске салады.
Пікірлер