Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік картасына тексеруден өткен 9 015 сайлау учаскесі енгізілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша 1 333 учаскеге қосымша бейімдеу шаралары қажет. Анықталған кедергілерді жою жұмыстары дауыс беру күніне дейін жалғасады.
Сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек пандустың болуымен шектелмейді. Мүгедектігі бар азаматтың ғимаратқа өз бетінше және кедергісіз кіріп, оның ішінде еркін жүріп-тұруы және қажетті құралдарды пайдалана алуы маңызды.
Қажеттілікке қарай учаскелерде пандустар мен көтергіш құрылғылар, көмек шақыру батырмалары, тактильді көрсеткіштер, қажетті ені сақталған есік ойықтары, жеткілікті жарықтандыру және арнайы автотұрақ орындары қарастырылған. Сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар, Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар, ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі қарастырылған.
Қазақстанда сайлау жасындағы мүгедектігі бар 325 мыңнан астам адам бар. Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметінің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
Мүгедектігі бар азаматтар өздерінің сайлау учаскесінің қолжетімділігі және онда қарастырылған жағдайлар туралы алдын ала ақпарат ала алады. Қажет болған жағдайда сайлаушы өзі таңдаған адамның көмегіне жүгінуге құқылы. Егер азамат денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен өзінің болатын жерінде дауыс бере алады.
Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Астана мен Шымкентте байқалды. Алматыда да жоғары көрсеткіш тіркелді. Қосымша бейімдеу шаралары ең алдымен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қажет.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері әкімдіктермен және сайлау комиссияларымен бірлесіп учаскелердің дайындығын тексеруді және анықталған кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыруда.
- Дауыс беру күніне дейін сайлау учаскелерінің дайындығын бақылау және қалған кедергілерді жою жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Негізгі мақсат — әрбір мүгедектігі бар азаматқа өзге азаматтармен тең дәрежеде сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беру, - деп атап өтті министрлік.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Сайлаушылар тізіміне 12 млн 605 мың 788 адам енгізілген. Қазақстандықтар бес жыл мерзімге Құрылтайдың 145 депутаттарын сайлайды.
Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партиядан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеді. Сайлауалды үгіт-насихат науқаны 23 шілдеде сағат 18:00-де басталды. Партиялар сайлауалды штабтарын ашып, үгіт-насихат жұмыстарын бастады.
Пікірлер