
Зайсан ауданының тұрғыны Сандуғаш Айтқажықызы – ұлттық дәстүр мен табиғи тазалық ұштасқан ерекше кәсіптің иесі. Ол қолдан қара сабын мен табиғи шампунь дайындап келеді. Кәсіпкердің өнімдерін бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, көрші елден де тапсырыс беріп алатындар бар. Ендігі кезекте Сандуғаш Айтқажықызы табиғи шөптерден шай өндіріп, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Осы ретте зайсандық кәсіпкермен сұхбаттасып, кәсібінің қыр-сыры мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
- Мен Қытай Халық Республикасының Алтай аумағында дүниеге келдім. 2006 жылы атажұртқа – Қазақстанға оралдық. Қазір Зайсан ауданының орталығында тұрамын. Технолог мамандығы бойынша оқуға түскенмін. Бірақ анамның сырқатына байланысты соңына дейін аяқтай алмадым. 15 жылдан бері саудамен айналысамын.
- Жеке кәсіп ашу идеясы қалай келді? Неліктен сабын жасау ісін таңдадыңыз?
- Сабын жасауды бала кезден отбасымнан көріп өстім. Қазақы қара сабын шығарумен анам мен дүниеге келмей тұрып та айналысқан. Ал ол кісіге енесі үйреткен. Өзім де сол сабынмен жуынып өстім. 2012 жылы жеке кәсібімді ашып, алып-сатумен шұғылдандым. Соңғы 3 жылдан бері өз өнімдерімізді шығарумен белсенді айналысып келемін. Алғашында құжаттарды реттестіріп, жарнама жағына көп көңіл бөлдім. Ал қазір отбасылық кәсіпті сәтті дөңгелетіп отырмыз. Шағын ұжымда 5 адам жұмыс істейді.
- Қандай өнім түрлерін шығарасыз, олардың ерекшелігі қандай?
- Басты өнім — қара сабын емдік шөп пен таза сойылған малдың іш майынан жасалады. Бұдан бөлек, шаш күтіміне арналған шампуньдар, қара зере майы, жусан, жалбыз, зімбір қосылған сабындар дайындалады. Жалпы өнімнің 20-30 түрі бар. Мұның барлығын жасауды Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына барып үйрендім. Адамға қандай витамин қажет, қай қоспалардың емдік пайдасы бар — соның барлығын меңгердім.
- Қара сабынның жасалу жолы мен пайдасы қандай?
- Бір сабынды жасау үшін біраз уақыт кетеді. Алдымен қажетті шөп шабылып, кептіріледі. Оны үйдің ауласына әкеліп, аз-аздан өртеп отыру керек. Күлін суытып қоямыз. Суыған соң суға қайнатып, бетін жауып тұндырамыз. Келесі күні тұндырылған суын ғана құйып аламыз. Күлі қажет емес. Сонда шөптің сілтісі суға шығады. Осы суды ұзақ уақыт қайнату арқылы түбінде ақшыл кристал сынды зат түізледі. Ол натрий хлоридіне ұқсас келеді. Бұл — шөптің табиғи сілтісі. Бір кесе сілтіге екі кесе малдың майын құйып, 6-7 сағат үздіксіз араластырамыз. Шөпті өзіміз теріп аламыз. Халал сойылған қой, ешкі немесе сиыр етінің іш майын турап, тон маймен араластырамыз.
Барлығы қолмен, табиғи әрі таза жасалады. Осылайша, қара сабын дайын болады. Кейін қорапқа салып, орап, тапсырыс берушінің мекенжайына жібереміз.
Жалпы, қара сабынды қазақтікі деп айтып жүремін. Оның емдік қасиеті ерекше, пайдасы мол. Қазір екінің бірінде тері аурулары кездеседі. Мысалы, беттегі безеу, денедегі бөртпе, қышыма, экзема, псориаз, қабынудан болған аллергиялық бөрту түрлері, теміреткі, сүйелді кетуріге жақсы көмектеседі. Сондай-ақ шаштың түсуін тоқтатып, қайызғақты кетіреді. Денедегі жараның үстіне жақсаңыз, лезде кетіріп, инфекцияны қайтарады.
- Өнімдердің орташа бағасы қандай? Тапсырыс қаншалықты жиі түседі?
- Сабынның орташа құны – 1500 теңге. Ал шампуньдардың бағасы 6000 теңгеге дейін барады. Көбінесе Tiktok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде сатамын. Сол жерде әр өнімнің пайдасын түсіндіріп отырамын. Сондай-ақ Қазақстанның 60-70 қаласында менен алып, нарықта сатып отырғандар бар. Қытайдың 4-5 қаласында да делдалдар бар. Зайсан шекаралас аудан болған соң сәлемдеме ретінде осы сабын мен тарыны сатып алып жатады. Ал аудан тұрғындары дүкенімізге келіп алады. Зайсандықтардың көбі өнімдерімізді жақсы біледі. Жұрттың алғысын алып, жақсы пікірлерін естіген сайын шабыттанамын. Әсіресе қайтадан сатып алып жатқанда ерекше қуанамын.
- Отбасыңыз кәсібіңізді қолдайды ма?
- Әрине, бүгінде жұбайыммен үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Анам мен енем де – менің басты қолдаушыларым. Өзім айына бір рет табиғатқа шығып, арасында басқа жаққа саяхаттап тұрамын. Күйбең тіршілік адамның миын босатпайды ғой. Ал өз-өзіммен қалғанда түрлі идеялар келеді. Отбасым әр жаңа ұсынысымды жүзеге асыруға көмектеседі. Тіпті бұл кәсіпті балаларыма мұра етіп қалдырғым келеді. Дамыған заманда әрі қарай дөңгелетіп әкетеді деп ойлаймын.
- Сөз соңында алдағы уақытта жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- Қазір облыста жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылатын кәсіпкерлер көрмелеріне қатысып тұрамын. Өнімдеріммен өңір басшылығы да танысты. Жуырда Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде өз тауарларымды көпшілік назарына ұсындым. Қазір брендті патенттеу және құжаттарды рәсімдеумен айналысып жатырмын. Уақыттың тығыздығына байланысты мемлекеттік қолдау бағдарламаларына әзірге қатысу мүмкін болмады. Дегенмен алдағы уақытта мемлекеттік көмек арқылы өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмын. Мысалы, ыдыс-аяқ пен киім жууға арналған қоспалар шығарғым келеді. Сонымен қатар нағашы апамнан шайдың бірнеше түрін дайындауды үйренгенмін. Атам да емдік шөптерден шай әзірлейтін. Тұрмысқа шыққанша дәрі-дәрмектің орнына жалбыз бен жусаннан дайындалған шайды ішіп өстік. Сол арқылы халқымыздың дәстүрлі ем-дом мәдениетін бойыма сіңіріп өстім. Ендігі мақсатым — ешқандай бояу мен қоспасыз, табиғи әрі сапалы шай өндіру. Ең бастысы — адамдардың денсаулығына пайдалы әрі табиғи өнімдердің қатары көбейіп, тұтынушыларға сапалы отандық өнім ұсынсам деймін.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер