Облыс орталығында сатушының ұялы телефонын ашық түрде жымқырып кеткен күдікті полицейлердің жедел жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оқиға қаладағы сауда дүңгіршектерінің бірінде болды. Ер адам тауар сатып алу сылтауымен сатушыдан ұялы телефонын көрсетуін сұраған. Телефонды қолына алған сәтте оқиға орнынан бой тасалаған. Келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құрады.
Жедел түрде жүргізілген шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері ШҚО ПД Жедел басқару орталығының инспекторларымен бірлесіп, күдіктінің жеке басы мен жүрген жерін анықтады.
Ол – Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны. Күдікті көп ұзамай ұсталды.
Ұрланған ұялы телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Ер адам өз кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Пікірлер