Сирек және стратегиялық маңызды металдарды дамыту тақырыбы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Назарбаев Университетінің басшылығымен кездесуінде жалғасын тапты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар Назарбаев Университетінің Шығыс Қазақстанның ғылыми және білім беру қауымдастығымен ынтымақтастығын, бірлескен зерттеулер жүргізу, мамандар даярлау және аймақ өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бағытталған ықтимал жобаларды талқылады.
Назарбаев Университетінің президенті Вакар Ахмад Шығыс Қазақстанның жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Кездесуде университеттердің ғылыми әлеуетін біріктіруге, тәжірибе алмасуға және ШҚО-дағы жас зерттеушілерді әлеуеті зор жобаларға тартуға ерекше мән берілді.
- Бізде білімге ұмтылған талантты жастар бар. Міндетіміз - олардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына және өңір үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға қатысуына мүмкіндік жасау. Осыған байланысты келесі жылы өз тарапымыздан тиісті қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина баяндады.
- Біз сирек металдарды зерттеу орталығын құрып жатырмыз. Ол Шығыс Қазақстанның әлеуетін зерттеуге, кәсіпорындар мен университеттердің күшін біріктіруге, өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бізде қазірдің өзінде мол тәжірибе, қажетті зертханалық база және жолға қойылған халықаралық байланыстар бар. Осы мүмкіндіктерді зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағыттап отырмыз. Негізгі серіктестеріміздің қатарында – «Қазатомөнеркәсіп», Үлбі металлургиялық зауыты және басқа да кәсіпорындар бар, - деді ШҚТУ ректоры.
Айта кетейік, жаңа орталық облыста құрылып жатқан сирек және стратегиялық маңызды металдарды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің ғылыми-технологиялық алаңына айналады. Сонымен қатар орталық қолданбалы зерттеулер жүргізу, технологияларды сынақтан өткізу, кадрлар даярлау және жобаларды зертханалық кезеңнен бастап өнеркәсіптік игеруге дейін ғылыми сүйемелдеумен айналысады.
Пікірлер