
ШҚО-да қысқы жолдарды күтіп ұстауға 800 техника дайындалуда
Облыс әкімдігінде өткен жиында алдағы қыс мезгіліне дайындық, қанша техника дайын тұрғаны айтылды. Сөз алған шенеуніктер жағдай бақылауда, құрал-жабдық пен техника жеткілікті дегенді алға тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қанша техника бар?
Қысқы кезеңге дайындық автомобиль жолдарын да қамтиды. Ресми ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға барлығы 800 техника дайын. Әзірлік жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айжан Құмарованың айтуынша, жол техникасы облыс аумағына өңірдің климаттық ерекшеліктері ескере отырып орналастырылған.
– Техника облыстың әр аумағына климаттық ерекшеліктерін ескере отырып бөлінді. Қазір қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1598 шақырымды құрайды. Бұл жолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау жұмыстарын «ОблШығысжол» ЖШС жүргізеді. Кәсіпорын алдағы маусымға қажетті жанар-жағармай қорын да қалыптастыруда. Жоспар бойынша қысқы жұмыстарға 600 мың литр жанар-жағармай материалы дайындалады.
Қысқы кезеңде жолдарды уақытылы қардан тазалау, көктайғаққа қарсы материалдар қолдану және жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы техниканың жеткілікті болуы маңызды. Осыған байланысты облыста 800 техника қысқы маусымға әзірленіп жатыр.
– Оның ішінде, 108 техника республикалық маңызы бар жолдарға, 119 техника облыстық маңызы бар жолдарға бекітілген. Қалған техника аудандық маңызы бар және басқа да жол учаскелерінде жұмыс істейді, – деді маман.
Осыған байланысты өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жиында жол техникасы дайындығына ерекше назар аударды. Ол өткен жылдары қардың қалың түсуіне байланысты кейбір елді мекендерге қатынау қиындағаның еске салып, жол тазалайтын техниканың жеткіліктілігін сұрады.
– Техниканың жаңартылуы қалай? Осыдан үш жыл бұрын Марқакөл ауданындағы ауылдарға үш күн бойы жете алмай, қар тазалау жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерде техниканың дайындығы нашар екенін, қажетті техниканың жетіспейтінін байқадық. Сол бойынша жоспарлар бар ма? – деді облыс әкімі.
Басқарма өкілі Марқакөл ауданында арнайы учаске қарастырылғанын және онда тиісті техника бар екенін алға тартты.
«Асығамын деп асфальт кеппей қалмасын жүрмесін»
Қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар көп жиналатын және қар көшкіні қаупі бар учаскелер де алдын ала анықталған. Облыс аумағында қар көп жиналатын 15 учаске және қар көшкіні қаупі бар 7 учаске белгіленген.
– Қазір аталған учаскелерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қар тоқтататын арнайы қалқандар орнатылуда. Бұл учаскелер тұрақты бақылауда болады, – деді Айжан Құмарова.
Сонымен қатар жиында Өскемен қаласындағы жол құрылыстары барысы да талқыланды. Облыс әкімі бес жолдың торабындағы жол айрығының қашан ашылатынын сұрады. Өскемен әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, Қаныш Сәтпаев даңғылы бойындағы жолды 25 қазанға дейін ашу жоспарланған. Ал жоба аясындағы барлық жұмысты толық аяқтау келесі жылға қалуы мүмкін. Осыған байланысты облыс әкімі жолды ашу мерзімімен қатар, құрылыс сапасына да басымдық беру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, жұмысты жеделдету үшін құрылыс технологиясының талаптарын бұзуға болмайды.
– Асығып жолды ашамыз деп, асфальттың астындағы бетонның тиісті уақыт ішінде қатуын ескермей қоюға болмайды. Ауа райы да қолайлы болуы керек. Ертіс көпірін ашқаннан кейін жыл сайын асфальтта тесіктер мен шұңқырлар пайда болып жатады. Сондықтан асықпай, сапалы әрі уақтылы аяқтау қажет. 25 қазанға үлгерсеңіздер жақсы, 30 қазанда аяқталса да болады. Ең бастысы – негізгі жолды ашу, – деді әкім.
Осылайша, өңірде қысқы кезеңге дайындықтың негізгі бағыттары – жылу жүйелері мен қазандықтардың әзірлігі, көмір қоры, коммуналдық кәсіпорындардың тұрақты жұмысы, автомобиль жолдарының жағдайы бақылауда тұр. Жауапты басқармалар мен әкімдіктерге белгіленген жұмыстарды мерзімінде аяқтап, қысқы кезеңде тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет: ашық дерекккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер