A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 10:15 0

Әкімдік отырысында әзірлік пысықталды: ШҚО-да қысқы маусымға дайындық күшейтілді

Бүгін / ШҚО

Жуықта облыс әкімдігінің кезекті отырысында өңірдің алдағы қыс мезгіліне дайындық жұмыстары пысықталды. Өңірдегі департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің барлығы дерлік жиналды. Келе алмағандар міндетін атқарушы, я болмаса орынбасарларын жіберді. Көтерілген тақырып жылыту маусымына дайындық, түрлі нысандағы көмір қоры, коммуналдық кәсіпорындар жағдайы, егін жинау науқаны және автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау мәселелері қамтыды. Сылбыр қимылы үшін сөз естіген әкімдер бар. Бірақ жиын мақсаты сол, біреудің аяқ алысынан мін табу емес, ортақ жұмысты ойдағыдай ету, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тозу деңгейін төмендету қамымен

Жауапта тұлғалар мәліметінше, өңірде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Өңірде жылу желілері мен жылу көздерін жаңғырту, көмір қорын қалыптастыру, коммуналдық кәсіпорындар әзірлігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасып жатқан көрінеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Сармурзиннің айтуынша, биыл ағымдағы жөндеу мен инфрақұрылымды жаңғыртуға 28,3 млрд теңге қарастырылған.

– Оның ішінде 44,7 шақырым жылу желісін жаңғыртуға 15,5 млрд теңге бағытталған. Бұл жылу желілерінің тозуын 46,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал жылу көздерін жөндеуге 12,8 млрд теңге қарастырылды, – деді Наурызбай Сармурзин.

Басқарма басшысының айтуынша, қазірде облыстағы үш жылу электр орталығының дайындығы 99 пайызды құрайды. 34 орталықтандырылған қазандық дайындығы аяқталуға жақын. Ал 212 дербес қазандықтың барлығы алдағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайын. Сонымен қатар өңірдегі 3047 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын аяқтаған. Осы орайда басқарма басшысы жылыту маусымының белгіленген мерзімдерге сәйкес басталатынын да айта кетті.

– Жылу беру 28 қыркүйекте Риддер қаласында басталды. 1 қазанда Глубокое, Алтай және Катонқарағай аудандарында жылыту кезеңін бастаймыз. Ал 5 қазаннан бастап Өскемен қаласы, Зайсан, Күршім, Ұлан, Марқакөл, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарында жылыту маусымын бастау жоспарланған, – деді ол.

Жылыту маусымының бірқалыпты өтуіне қажетті көмір қорын қалыптастыру да күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі.

– Облыс бойынша жылыту маусымына 3 млн тоннадан астам көмір қажет. Қала және аудан әкімдіктері мәліметінше, бүгінде тұрғындар 324,6 мың тонна көмір дайындаған. Бұл жалпы қажеттіліктің 72 пайызына тең, – деді Сармурзин.

Алайда өңір басшысы көмірдің қоймаларға жеткізілу мәселе толық аяқталмағаның атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың отынды уақтылы сатып алып, қыс басталғанша қажетті қорын жинауы маңызды.

– Былтыр Өскеменнің Сол жағалау кешенінде көмірге байланысты мәселе болды. Биыл ондай қайталанбауы керек. Көмірдің жеткізілуі ғана емес, тұрғындардың оны уақтылы алуы да қамтамасыз етілуі қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында көтерілген бұл мәселеге қатысты Өскемен әкімі Алмат Ақышов тіл қатты. Айтуынша, биыл өткен жылғы жағдайды болдырмау үшін тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізілген.

– Қазірдің өзінде тұрғындардың қажетті көмірінің 54 пайызы алынды. Қалада 13 мың тонна көмір бар. Отын тұрақты түрде жеткізіліп жатыр. Сондықтан биыл мәселе туындамайды деп үміттенеміз, – деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, коммуналдық ұйымдардың электр энергиясы бойынша кредиторлық берешегін өтеу мәселесі көтерілді. Өңір басшысы қысқы кезеңде инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ Риддер жылу электр орталығын жөндеуге 630 млн теңге, көмір жеткізуге 1 млрд 953,7 млн теңге, жалпы 2 млрд 582,8 млн теңге қаражат бөлу ұсынылды.

 

Қарызын өтемей, қаражат сұрағандары қалай?

Жиын барысында коммуналдық кәсіпорындардың техникалық дайындығы да талқыланды. Өңір басшысы қазандықтарда күтпеген жағдай туындаса, қажетті қосалқы жабдықтардың болуы маңызды екенін атап өтті.

– Сіздер қаражат сұрайсыздар. Бірақ коммуналдық кәсіпорындарда қарыздары бар. Сонымен қатар жылыту маусымында қазандықтарға байланысты түрлі жағдай тіркеліп жатады. Қосалқы жабдық қажет болатыны анық. Қажетті көлемдегі жабдықтарды дайындадыңыздар ма? Ертең мәселе туындамай ма? – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда екенін айтты.

– Бізде жоспарға сәйкес барлығы дайын. Бұл сұрақ бойынша әр кәсіпорынмен жиналыс өткізудеміз. Осы мәселелерді бақылауда ұстаймыз. Биылғы жағдайларды ескере отырып, бүкіл кәсіпорынмен бірлесіп тиісті шаралар қабылдаймыз, – деді Наурызбай Сармурзин.
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындықтың жалпы барысы жаман емес екенін атап өтті. Алайда жылумен қамту саласында кез келген кемшілікке жол беруге болмайтынын ескертті.
– Берген есептеріңіз бойынша барлығы сақадай сай. Аппарат инспекторлары барлығын аралап, қызметкерлермен сөйлесіп, жағдайды баяндап отыр. Әзірлік жаман емес. Бірақ сонда да дайындық процесі дұрыс болуы керек. Кез келген басқа мәселелерге кешіріммен қарауға болады. Бірақ жылыту маусымындағы кез келген кемшілік кешірілмейтін жағдайға әкеледі. Осыны есте сақтаңыздар, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне жылу көздері мен жылу желілеріндегі жөндеуді толық аяқтауды, тұрғындар үшін көмір дайындау жұмыстарын күшейтуді және 1 қарашаға дейін 100 пайыз дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар облыстың жылу көздері бойынша жылыту маусымына дайындық паспорттарын 15 қазанға дейін алу міндеті қойылды.

– Тұтынушылардың дебиторлық берешегін қайтару жұмыстары да күшейтілуі тиіс. Риддер қаласы, Катонқарағай және Алтай аудандары әкімдіктеріне коммуналдық кәсіпорындардың көмір үшін кредиторлық берешегін өтеу тапсырылды. Ал Күршім, Үлкен Нарын және Шемонаиха аудандарында жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне көмір жеткізуді жандандыру қажет. Күршім және Үлкен Нарын аудандары әкімдеріне тиісті органдармен бірлесіп жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтері тарифтерін бекіту жұмыстарын аяқтау тапсырылсын, – деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Алтай ауданы әкімдігімен бірлесіп, жаңа Бұқтырма кентінің жылумен жабдықтау желілерін қайта құру жобасын уақтылы аяқтауды қамтамасыз ету міндеттелді.

Осылайша, өңірде жылыту маусымына дайындықтың негізгі бөлігі аяқталған. Енді қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету және жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет болып отыр. Негізгі меженің бірі – 1 қарашаға дейін жылыту маусымына 100 пайыз дайындықты қамтамасыз ету.

Алқаптағы жұмысты аяқтап үлгере ме?

Жылыту маусымымен қатар өңірде егін жинау науқаны да қарқынды жүргізілуде. Мұны газеттің өткен нөмірінде жаздық. Биылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 611 мың гектар алқаптан жиналады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиевтің айтуынша, қазір дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 245 мың гектар алқаптан жиналған. Бұл жоспардың 97 пайызына тең. Осы алқаптардан 412 мың тонна астық бастырылған.

– Бидай 150 мың гектардан астам алқапта жиналды. Бұл жоспардың 98 пайызын құрайды. Ал майлы дақылдар 90 мың гектар алқапта жиналды, яғни жоспарланған көлемнің 35 пайызы орындалды. Сонымен қатар бірқатар ауданда дәнді дақылдардың өнімділігі былтырғыжылмен салыстырғанда 22 пайызға төмен. Жалпы, егін жинау науқаны жоспарға сәйкес өтуде, – деді Дамир Мамиев.

Сондай-ақ биыл облыста егін жинау жұмыстарын белгіленген мерзімде жүргізу үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.

– Науқанға 1445 комбайн мен 9504 трактор тартылды. Техниканың жеткілікті болуы егінді қысқа қалдырмай жинап алуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар биылғы өнімге арналған жоспарға сәйкес 60,2 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізілген. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өнімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың бірі, – деді маман.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылық қолдау көрсету жұмыстары да жалғасып жатыр.

– Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында дала жұмыстарын жүргізуге 22,2 млрд теңге бөлінген. Қаражат ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көктемгі дала жұмыстарын жүргізуіне, өндірістік шығындарын өтеуге және науқанды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін негізгі қолдау тетіктерінің бірі болып отыр, – деді Дамир Мамиев.

Аудандардағы егін жинау жұмыстарының қарқыны әртүрлі. Солардың бірі – Алтай ауданы. Биыл аудандағы егіс алқабының жалпы көлемі 76,6 мың гектарды құрайды.
– Қазір ауданда 48,2 мың гектар алқап жиналған. Бұл жалпы егіс көлемінің 63 пайызына тең.
Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 29 мың гектар алқапта жиналды. Бұл жоспардың 92 пайызын құрайды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 9 пайызын жинау қалды, – деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Сондай-ақ ауданда майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасып жатыр. Майлы дақылдар алқабының жалпы көлемі 15 мың гектарды құрайды. Оның 60 пайызы жиналған.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов қыс басталғанша алқаптардағы жұмыстарды толық аяқтау қажеттігіне назар аударды.

– Ауыл шаруашылығы басқармасы аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, қыс мезгілі басталғанға дейін егін жинау науқанын толық әрі уақтылы аяқтауды қамтамасыз етуі қажет. Дала жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және оның техникалық жағдайын тұрақты бақылау қажет, – деді аймақ басшысы.

Нұрымбет Сақтағанов әр әкімге әсіресе, жылыту маусымы кезінде атүсті әрекет етпеуді қадап кетті.


Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосурет облыс әкімдігінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив