Қаладағы О. Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Тең мүмкіндіктер» балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спорттық іс-шараға өңірдің барлық қаласы мен аудандарынан балалар қатысуда. Фестивальдің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастарын бір командаға біріктіріп, спорт арқылы тең мүмкіндік, өзара қолдау, достық пен командалық рухты қалыптастыру.
Іс-шара «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығы, Қазақстанның Бочча федерациясы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоры, сондай-ақ білім, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік органдары қатысуымен өтуде. Фестивальді «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты облыстық білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырды. Сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев та қатысты. «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының өкілі Алтынай Жаркимбаеваның айтуынша, фестиваль үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
– Оның мақсаты – әр балаға қолдау көрсетіп, спортқа барлығына бірдей қатысуға мүмкіндік беру. Балалардың жаңа орта тауып, достарымен араласуы да біз үшін маңызды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Фестиваль аясында қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша бақ сынайды. Олар – дәлдік пен шоғырлануды қажет ететін бочча, «Біз жеңімпаз боламыз!» командалық инклюзивті эстафеталары және командалық жеңіл атлетика жарыстары.
– Сайысқа 3–8 сынып оқушылары қатысып жатыр. Биыл 17 команда жиналды. Әр командада үш баладан, яғни облыстық кезеңде барлығы 51 оқушы спорттық қабілетін сынауда. Жарыс қорытындысында бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері анықталып, қатысушыларға сертификаттар, медаль мен кубоктар және ақшалай сыйлықтар табысталады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаева.
Фестивальдің ашылу салтанатында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар ән айтып, сахнада өнер көрсетті. Өнер көрсеткен балалар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өз құрдастарына да мотивация берді.
Облыстық кезең жеңімпаздары қазан айының соңында өтетін республикалық «Тең мүмкіндіктер» фестиваліне жолдама алады.
Пікірлер