
Өскемендегі онкология орталығына заманауи аппарат орнатылды
Қаладағы көпсалалы онкология және хирургия орталығында жаңа сызықтық үдеткіш іске қосылып, облыс тұрғындарына пайдалануға берілді. Заманауи медициналық құрылғы қатерлі ісіктерді емдеуде сәулелік терапияның жоғары дәлдіктегі әдістерін қолдануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа сызықтық үдеткішті орнату «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында жүзеге асырылды. Аталған қордың басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, жаңа жабдықтың іске қосылуы өңірдегі онкологиялық қызметті дамытуға маңызды үлес қосады.
– Сызықтық үдеткіштің функциялары өте көп. Біз мамандарды жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсек, олар қажетті медициналық көмек көрсете алады. Жаңа құрылғы шетелдік аналогтардан кем түспейді. Бұрын кейбір ауруды емдеу үшін шетелге бару қажет болса, қазір оған қажеттілік жоқ. Өңірде осындай заманауи құрал-жабдықтың болуы тұрғындарға медициналық көмекті өз облысында алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Басқарма төрағасы орталық мамандары да шетелдік тәжірибені меңгеріп жатқанын алға тартты.
– Медициналық қызметкерлер Жапония мен Парижде білімдерін жетілдіріп, заманауи технологиялармен жұмыс істеу бойынша тәжірибе жинақтаған, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
Ақпаратқа сәйкес, жаңа құрылғы – Ұлыбританияда өндірілген Elekta VERSA HD сызықтық үдеткіші. Ол 23 қыркүйектен бастап пайдалануға берілген.
– Аппаратта фотон энергиясының екі түрі және электрон энергиясының бес түрі бар. Сонымен қатар стереотактикалық радиохирургияға арналған сәуле шоғырлары қарастырылған. Құрылғы сәулелік терапия процедураларының толық спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Оның тағы бір ерекшелігі – сәулелену кезінде визуалды бақылауды жақсартатын компьютерлік томография жүйесінің аппарат құрамына енгізілуі. Бұл дәрігерлерге емдеу барысында ісіктің орналасуын нақты бақылап, сәуле бағытын қажетті деңгейде түзетуге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.
Медициналық бөлім жөніндегі басшы Аймара Өміртаеваның айтуынша, бұл – орталықта орнатылған екінші сызықтық үдеткіш.
- Осы аппарат көмегімен көптеген науқасқа онкологиялық орталықта ісікке қарсы сәулелік ем жүргізе аламыз. Науқастар енді шетелге бармай-ақ, облыс орталығында ем ала алады. Бұл аппараттың ерекшелігі – науқасқа нақты, тез әрі қауіпсіз ем жүргізуге мүмкіндік береді, – деді маман.
Оның сөзінше, орталықта пациенттерді қабылдау таңғы 7:30-дан кешкі 18:00-ге дейін жүргізіледі. Екі заманауи сызықтық үдеткіштің болуы сәулелік терапияға деген қолжетімділікті арттырып, қатерлі ісіктің әртүрлі ошағын емдеу мүмкіндігін кеңейтеді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа қондырғының іске қосылуы денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып, соңғы технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Бүгін онкология және хирургия орталығында сызықтық үдеткіштің іске қосылуы – осы тапсырмалардың жүзеге асырылып жатқанының бір көрінісі, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысынң айтуынша, онкология саласы бүгінде тек Шығыс Қазақстан үшін емес, әлем үшін де маңызды бағыттардың бірі.
– Бұл қондырғы тұрғындар денсаулығы үшін соңғы заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуге өз септігін тигізе берсін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Осылайша, жаңа Elekta VERSA HD сызықтық үдеткішінің іске қосылуы аймақтағы онкологиялық қызметтің техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Екінші аппараттың іске қосылуы сәулелік терапияға қажеттілікті өтеуге, пациенттерді қабылдау мүмкіндігін арттыруға және күрделі емдеу әдістерін облыс орталығында жүргізуге жағдай жасайды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер