Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, тұрғындардың тұтынушылық құқықтарына қатысты өтініштер саны жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2024 жылы департаментке 920 өтініш түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1272-ге жеткен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 1337 өтініш қаралған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғандп 63 %-ға көп.
Сонымен қатар биыл тұтынушыларға қайтарылған қаражат көлемі де екі есеге артқан. 2026 жылдың тоғыз айында тұрғындарға 50 млн теңге қайтарылса, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 25 млн теңге болды.
– Департамент өз құзыреті шеңберінде тұтынушылар құқықтарын қорғау мақсатында кәсіпкерлерге, яғни сатушылар мен қызмет көрсетушілерге қатысты 51 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 829 422,5 теңге сомасына 36 әкімшілік айыппұл салынды, – деді Асхат Сағидолдин.
Бұдан бөлек, тұтынушылар құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған 38 ұйғарым шығарылған. Департамент өкілдері азаматтардың талап арыздарын қарау бойынша 12 сот процесіне де қатысқан.
Тұтынушылар құқығының бұзылуына қатысты істердің бірі Өскемен мен Риддер тұрғындарына байланысты болды. Аталған азаматтар жеке кәсіпкермен дұрыс тамақтану рациондарын жеткізу туралы келісімшарт жасап, қызмет ақысын алдын ала толық төлеген. Алайда кәсіпкер белгілі бір уақыттан кейін тамақ жеткізуді тоқтатып, тұтынушылардың ақшасын қайтармаған. Кәсіпкерге тікелей жүгіну мен сотқа дейінгі талап арыз жолдау нәтижесін бермеді. Осыдан кейін 21 тұрғын департаментке жүгінген.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, бірдей мәселе бойынша 10-нан астам азаматтың құқығы бұзылса, уәкілетті орган сотқа ұжымдық талап арыз беруге құқылы. Осы құқықты пайдалана отырып, департамент Өскемен қалалық сотына талап арыз жолдаған. Нәтижесінде биыл 16 шілдедегі сот шешімімен кәсіпкер зардап шеккен тұрғындарға көрсетілмеген қызмет үшін 3 млн 55 мың 138 теңге негізгі залал және 611 мың 28 теңге өсімақы төлеуге міндеттелді, – деді департамент басшысы.
Пікірлер