Бұл облыс көлемінде бағаны реттеу саясатындағы жаңа қадам болмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин цифрлық ваучердің негізгі мәні мен қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
– Біріншіден, бұл – әлеуметтік әділдік құралы. Бұған дейін тұрақтандыру қорының арзан тауарларын кез келген азамат сатып ала алатын. Енді жаңа жүйе бойынша, жеңілдіктер тек мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алатын, шын мәнінде мұқтаж отбасыларға ғана ваучер арқылы тікелей беріледі. Айта кету керек, бұл ретте «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) дәстүрлі тұрақтандыру қоры да өз жұмысын тоқтатпай, қатар алып жүретін болады. Екіншіден, бұл – цифрлық формат пен ешқандай қағазбастылықтың болмауы. Көмек алушы азаматтар ешқандай қағаз құжат тасымайды. Сауда нысандарының кассалық жүйелері мемлекеттік базамен біріктіріледі. Азаматтар дүкенде цифрлық ваучерді (ЕGov жүйесі арқылы) көрсету арқылы әлеуметтік тауарларды нарықтағы бағадан кем дегенде 10%-ға арзан бағамен сатып алады, – деді Асхат Сағидолдин.
Анықталғандай, цифрлық коучер ең алдымен Ақмола облысында сынақтан өткен. Нәтижесінде, бұл жүйенің тиімділігі мен техникалық дайындығын дәлелдеді. Сондықтан бұл жобаны тек қалаларда емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да жаппай енгізу жоспарға енгізілді.
– Осы мақсатта Өскеменде бұл тетікті іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталып кетті. Арнайы комиссия шешіміне сәйкес, бұл механизмді орындаушы оператор ретінде «Allmart Vostok» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Қазір аталған сауда желісінің қаламыздағы үш ірі сауда нүктесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын нарықтағыдан 10%-дан астам төмен деңгейде ұстап тұру үшін қарыз шартын жасасу мәселесі пысықталып жатыр, – деді департамент басшысы.
Фото: zakon.kz
Пікірлер