447.14 499.54 5.46
A+ A A-

30 келілік қошқар макетін 40 рет көтерген апа: Жастық шақта қара жұмысты көп істедік

30 келілік қошқар макетін 40 рет көтерген апа: Жастық шақта қара жұмысты көп істедік [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Ұлан ауданында өткен Nomad Álemi ұлттық фестивалінде Жаңылсын Бибол 30 келілік қошқар макетін 40 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды. Бастапқыда сайысқа қатысуды жоспарламаған ол немересінің ұсынысымен өз бағын сынап көрген. Келер жылы алпысқа толатын апа күнделікті спортпен айналыспаса да күш-қуатының сырын жастайынан қара жұмыспен айналысқанымен байланыстырады. Газет тілшісіне сұхбат берген ол ауылдағы өмірі, күтпеген жетістігі және ұлттық фестивальдердің маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Ең алдымен әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

– Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып, сол жақта өстім. Елге 1991 жылы көшіп келдік. Әуелі Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылында 20 жылдай тұрдым. Мал шаруашылығымен айналыстық. Одан Сағыр елдімекеніне қоныс аударып, 10 жыл ғұмырымызды сонда өткіздік. Ал қазір Алмасай ауылында тұрып жатырмыз.


– Таяуда Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде өткен Nomad Álemi фестивалінде 30 келілік қошқар макетін 40 рет көтергеніңізді естідік. Сол жайлы айтып берсеңіз. Бұл фестивальге қатысу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Бұл фестивальдың өткізілуіне қаржылай қолдау көрсеткен фабрикада қызым жұмыс істейді. Бізді сол апарды. Немерем қолымнан тартып, «апа, ана жақта қошқар көтеріп жатыр екен. Сол жаққа барайықшы» деді. Бардық. Негізі қатысатын ойым мүлде болмаған. Бірақ неге байқап көрмеске дедім.

 

– 30 келіні алғашқы бірнеше рет көтергенде өзіңізге қандай меже қойдыңыз? 40 ретке жеткенде тағы көтере алмайтыныңызды сездіңіз бе, әлде әлі де күшіңіз бар болды ма?

– Ешқандай жоспар болған жоқ. Жай көтеріп көрдім. 25 рет көтергенде тоқтайын дедім, бірақ әлі күшімнің бар екенін сездім. Сол үшін ары қарай жалғастырдым. Өзімнің қаншаға дейін көтере алатынымды білгім келді. Сөйтіп 40 рет көтеріп шықтым. Кешке үйге барғанда да еш жерім ауырмады.

– Көрерменнің қолдауы қалай болды?

– Жақсы болды. Бәрі шапалақтап, қолдау білдіріп жатты. Тек әлеуметтік желіде тараған видеоларда кейбіреулер мені 70 жаста деп жазып жіберіпті. Жасым 59-да. Келесі жылы бұйырса 60-қа толамын.

 

– Спортпен күнделікті айналысасыз ба?

– Жоқ. Жас кезімде де спортпен шұғылданбадым. Мен күтімде отырған адаммын ғой. Үйде немеремді қараймын, анда-санда суымды әкеліп қана қоямын. Жалпы жастық шақта қара жұмысты көп істедік. Бәлкім содан да шығар, денсаулығым жақсы.

 

– Қанша балаңыз, немереңіз бар?
– Үш балам бар. Алмасайда кенже қызымның қолындамын. 2 немерем бар. Үлкені 16-да, кішісі 10-да.


– Жасыңыз 60-қа таяғанда осындай физикалық сынаққа қатысуға не жігер берді?

– Елдің бәрі көтеріп көріп жатқаннан кейін өзімнің де бағымды сынап көргім келді. Сөйтіп, қатысып кеттім. Бәрі аяқ астынан болды. Егер бәлкім жарыс сияқты болса онда асықпай одан да көбірек көтерер ме едім. Мені видеоға түсіріп жатқанын да білмедім. Кейін өзімді интернеттен көріп таңқалдым.

 

– «Жасым келді, енді қолымнан ештеңе келмейді» дейтін жандар болады. Оларға не дейсіз?

– Адамның денсаулығы мүмкіндік берсе қолынан талай дүние келеді ғой. Ең бастысы, қорқыныш болмауы қажет. Өз шамаңды да білу керексің.


– Nomad Álemi сияқты ұлттық фестивальдердің маңызы қандай?

– Осындай фестивальдердің арқасында халық тарихын, салт-дәстүрін тани түседі. Әсіресе жастарға пайдалы. Қазақтың киіз үйін, ою-өрнегін көріп, бұрын ата-бабаларымыздың қандай тұрмыс кешкенін, қалай аңға шыққанын көрсетеді. Көне заманның тыныс-тіршілігіне сапар шеккізеді. Өзіме ерекше ұнады. Сондықтан осындай шаралардың жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс.


– Қазақтың ұлттық ойындарында әйелдердің де бақ сынасып, белсенді қатысқаны маңызды деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте. Әр адам өз мүмкіндігінше қатысып көргені жөн. Бұл тұрғыда қарттар да, балалар да қалыс қалмағаны абзал. Ер-әйел деп те бөлінбей, әркім өзі қызыққан сайыста бақ сынап көруі керек.


– Келесі жылы да осындай жарысқа қайта қатысуға дайынсыз ба?

– Нақты бір ондай мақсат жоқ. Денсаулық жағдайыма байланысты. Ал егер осы сияқты жарысқа арнайылап шақырса онда бармайтын шығармын. Себебі сайыс болса онда дайындалып бару керексің. Құр бара салғаннан нәтиже болмайды.


– Жас буынға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Ауру-сырқаудан ада болу үшін денсаулықтарыңызға мән беріңіздер. Суықта жылы киініп, өздеріңізді күтініп жүріңіздер. Спортпен кәсіби тұрғыда айналыспасаңыздар да жаттығу жасап немесе күн сайын жаяу серуендеп тұрыңыздар. Сол кезде шыныға түсесіздер. Ал үйде құр бос жатқаннан пайда жоқ.


– Әңгімеңізге көп рахмет!

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив