Күзгі-қысқы жылыту маусымында құтқарушылар өрт пен иіс газынан уланудың алдын алу үшін жаппай профилактикалық рейдтер мен аулаларды аралау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үйлерге 27 мыңға жуық аралау жүргізілген. Мамандар үй иелеріне пешпен жылытуды және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді.
Рейдтер барысында тұрғын үйлерден өрт қауіпсіздігі талаптарының 9 100-ден астам бұзушылығы анықталды. Оның 5 мыңнан астамы пешпен жылыту жүйесіне қатысты.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің уақтылы жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар 1 959 заңбұзушылықты жойған.
Құтқарушылар көпбалалы отбасылар, жалғыз тұратын қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтар тұратын үйлерге ерекше назар аударып отыр. Бұл баспаналарға иіс газын анықтайтын датчиктер орнатылады. Биылдың өзінде 1 000 дабыл құрылғысы қойылған.
Пікірлер