Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін, өндірушілердің тауарын делдалсыз өткізуге мүмкіндік беретін арнайы интернет-платформа әзірлеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы жуырда өткен облыстық актив отырысында Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимагамбетов мәлімдеді.
Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімін өткізуге қолайлы жағдай жасау және олардың сауда-саттық мүмкіндіктерін тұрғылықты жеріне қарамастан кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынбақ.
Алдымен ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесіп, пилоттық жобаға қатысатын фермерлерді, сатылымға шығарылатын өнім түрлерін және өткізу нарықтарын айқындау көзделіп отыр.
Басқарма таныстырған жоба тұжырымдамасына сәйкес, цифрлық платформада фермерлер өз өнімдерін орналастырып, сатып алушылардан тапсырыс қабылдай алады. Сондай-ақ онлайн төлем жасау және тауарды тұтынушыға жеткізу қызметтері де қарастырылған.
Жаңа жүйе ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімін кеңінен өткізуге жол ашып, облыс тұрғындарына жергілікті өнімді тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Әзірге жоба пилоттық кезеңге дайындық сатысында. Оны іске асыру жұмыстары келесі жылы жүргізілмек.
Пікірлер