443.62 492.24 5.36
A+ A A-

Өскеменде мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық мәселелері талқыланды

Өскеменде мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық мәселелері талқыланды [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен арнайы кеңес өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынға сайлау комиссияларының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында алдағы мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық барысы талқыланып, жауапты мекемелердің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері пысықталды.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес елде барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, жаңа сайлау тағайындалды. 8 қарашадан бастап сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. 

– Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны аясында өзіне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде атқарып келеді. Осыған байланысты комиссия төрағасы, мүшелері мен аппарат қызметкерлері еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапармен шықты. Бұл жұмыстар 7-22 қараша аралығында жалғасады. Негізгі мақсаттардың бірі – еліміздегі 10 300 сайлау учаскесінің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін зерделеу, – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.


ШҚО әкімінің аппарат басшысы Ерлан Текешев өңірдегі сайлау науқанына дайындық барысы туралы баяндады. Оның сөзінше, облыста қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Облыстық сайлау штабы құрылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әзірленді. Сонымен қатар сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатында медиа ресурстар жұмылдырылды. 


– Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша барлығы 528 кандидат тіркелді. Оның 18-і өз кандидатурасын кері қайтарып алды. 8 қарашада сайлаушылар тізімі тиісті акт бойынша аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылды. Облыс бойынша сайлаушылар саны – 484 350 адам. Сайлаушылар тізімін қалыптастыру Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп әзірленген алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Сайлау кезеңі басталғалы басқа өңірлерде жүрген 352 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді. Олардың қатарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін 12 адам, 149 студент, 186 әскери қызметші және іссапарда жүрген 5 азамат бар, – деді Ерлан Текешев.


ШҚО Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков сайлау науқаны кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, дауыс беру бюллетеньдерін жеткізу және олардың күзетін ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды.
– Полиция департаментінде ресми штаб пен жұмыс тобы құрылды. 1 қарашадан бастап полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Қоғамдық тәртіп тұрақты бақылауда, – деді департамент басшысы.


Сонымен қатар кеңесте облыстық прокуратура 3-басқармасының бастығы Жандос Қоңыров сайлау науқаны барысында заңдылықтың сақталуы жөнінде баяндама жасады. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов сайлау учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Ал ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Сарманов мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасау жұмыстары туралы айтты. Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Кинүгүл Бичуинов комиссия мүшелерінің сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге дайындығын баяндады. 
Кеңес қорытындысы бойынша сайлау науқанының маңызы атап өтіліп, жауапты органдарға бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарын сайлауды заңнама талаптарына қатаң сәйкестендіре отырып өткізу, электоралдық процестің барлық кезеңінде жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық және өзге де қауіпсіздік шараларын күшейту.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив