Зайсан ауданында жаңа халықаралық әуежайдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір нысанның дайындық деңгейі 98 пайызға жеткен. Жобаның іске қосылуы ауданға жету уақытын қысқартып қана қоймай, туристік әлеуетін арттырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашпақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсанға жұмыс сапары барысында әуежайға барып, құрылыс барысымен танысты. Аймақ басшысына нысанда атқарылған жұмыстар мен қалған міндеттер туралы баяндалды.
Қазір әуежайдың негізгі аэродромдық жұмыстары аяқталған. Ұзындығы 2 200 метр болатын ұшу-қону жолағы, перрон және ұшақтардың жерүсті қозғалысына арналған жолдар дайын. Аумаққа кіреберіс және әуежайдың айналасындағы жолдар да ретке келтірілді. Радионавигациялық және жарық-сигнал жабдықтарын орнату, инженерлік желілерді тарту жұмыстарының басым бөлігі орындалды.
Жаңа әуежай Bombardier Q400 және ATR-72 үлгісіндегі ұшақтарды қабылдай алады. Перрон бір мезетте төрт әуе кемесін орналастыруға арналған. Ал жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсете алады. Қазіргі уақытта терминалдың, инженерлік және апаттық-құтқару нысандарының құрылысы аяқталуға таяу. Қалған жабдықтар орнатылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Зайсаннан Өскемен, Алматы және Астана қалаларына әуе рейстерін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас бағыттары да ықтимал әуе қатынасы бағыттарының қатарында. Бұл Зайсанның туристер үшін қолжетімділігін арттырып, шекарааралық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Ауданның туристік әлеуеті зор. Көрікті табиғаты, тарихи орындары шетелдік және отандық туристерді тартады. Сондықтан әуе қатынасын жолға қоюмен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және «жасыл» туризм брендін қалыптастыру көзделген. Жергілікті тұрғындарды туристік кәсіпке тарту да маңызды бағыттардың бірі болмақ.
Жаңа әуежайдың ашылуы жергілікті еңбек нарығына да оң әсер етеді. Нысан толық іске қосылғанда 126 штаттық жұмыс орны құрылады. Қызметкерлердің басым бөлігін қазіргі Зайсан әуежайында еңбек етіп жүрген мамандардан жасақтау жоспарланған. Оларды даярлау және тағылымдамадан өткізу мәселелері де пысықталды.
- Құрылысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл Зайсан ауданының туристік және экономикалық дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Әуежайдың ашылуы шалғай ауданды ірі қалалармен және халықаралық бағыттармен байланыстырып, Зайсанның жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына негіз қалайды, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер