Өткен аптада өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылындағы Қазақстан орта мектебіне барып, жаңа спортзалдың жұмысымен танысты. Сондай-ақ жас спортшылармен жүздесіп, олардың жаттығу барысын көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2025 жылы мектептің спортзалын заманауи жабдықтауға 9,2 млн теңге бөлген. Соның нәтижесінде ауыл балаларының спортпен жүйелі айналысуына қажетті жағдай жасалды. Қазір білім ордасында 131 оқушы білім алады.
Мектеп спортзалының басты ерекшелігі- мұнда қазақ күресіне ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде арнайы секция жұмыс істеп, екі бапкер балаларды шынықтырып жүр. Қырыққа жуық жас балуан аптасына төрт рет жаттығуға келеді.
Жас спортшылардың арасында облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүргендер де бар.
Спортзалдың игілігін тек мектеп оқушылары ғана көріп отырған жоқ. Кешкі уақытта мұнда ауыл жастары да жиналып, дене шынықтырады. Осылайша, білім ордасындағы зал ауыл тұрғындары үшін де ортақ спорт алаңына айналған.
Кездесу барысында аймақ басшысы жас балуандармен әңгімелесіп, олардың спорттағы жетістіктері мен алдағы мақсаттарын тыңдады. Балалардың жаттығуға деген ынтасы мен жеңіске деген жігері ауылдағы спорттың әлеуетін аңғартты.
Пікірлер