Өскемен қаласында «Әділет» партиясы өкілдерінің мұражай-қорық қызметкерлерімен кездесуі өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер мен ел дамуының басым бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесуде әлеуметтік саланы дамыту, адами капиталды арттыру, мәдениет қызметкерлерін қолдау, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар өңірлік бағдарламаның халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралары таныстырылды.
– Қазақстан өзінің қалыптасуы мен дамуының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Алдағы уақытта елімізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, Президент Үкіметке, депутаттарға және жергілікті атқарушы органдарға қандай міндеттер жүктеп отырғанын халық білуі керек. Мұның барлығы – халықтың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар, – деді «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аманбай Нүркенов.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, мұражай қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.
Мұндай кездесулер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тікелей тыңдауға мүмкіндік береді.
Пікірлер