Ұлттық статистика бюросы еліміздің 20 қаласындағы сүттің орташа бағасын жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қараша айындағы мәлімет бойынша Өскеменде бір литр сүт 644 теңгеден сатылып жатыр. Бұл көрсеткішпен қала рейтингте 12-ші орынға жайғасты.
Сүт бағасы ең қымбат шаһарлардың қатарында Ақтау, Атырау және Астана бар. Ақтауда бір литр сүттің орташа құны 878 теңге болса, Атырауда – 864 теңге. Ал Астанада сүт 838 теңге.
Сүт ең арзан қалалар қатарында Павлодар, Қонаев және Орал бар. Бұл қалаларда бір литр сүттің бағасы 530-550 теңге тұрады.
Бір жыл ішінде елде сүт бағасы орта есеппен 5,8 пайызға өсті. Ол 20 қаланың 17-сінде қымбаттады. Ең жоғары өсім Талдықорғанда тіркелсе (15,9 %), Түркістанда 15,2,%-ға, Қызылордада 9,9%-ға артты.
Өскеменде сүт бағасы бір жылда 9,4%-ға қымбаттады. 2025 жылы бір литр сүт 589 теңге болса, биыл 644 теңгеге жетті. Бағаның өсу көрсеткіші бойынша қала 20 елдімекеннің ішінде 5-ші орында тұр.
Ал Семейде керісінше сүт арзандаған. Былтыр бір литрі 672 теңге болса, биыл 640 теңгеге дейін төмендеді.
Пікірлер