Эпидемиялық маусым басталғалы облыс мектептерінде жіті респираторлық вирустық инфекциялардың топтық жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ЖРВИ-дің алдын алу үшін білім беру мекемелері күн сайын сабаққа қатысуды бақылап, оқушылар мен қызметкерлердің сабаққа келмеу себептерін анықтайды. Әр ауысым алдында медициналық тексеру мен қажет болған жағдайда дене қызуы тексеріледі. Суық тию белгілері бар оқушылар мен мұғалімдер сабақтан босатылады. Ал сабақ кезінде ауырып қалған балалар ата-аналары алып кеткенше оқшауланады.
Сонымен қатар мектептер температураны бақылауды қамтамасыз етіп, желдетуді күшейтуде. Бұдан бөлек, гигиеналық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Егер сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы ауырып қалса, байланыста болғандар жеті күнтізбелік күн бойы медициналық бақылауда болады. Жаңа оқушыларға соңғы жұқтырған адам анықталғаннан кейін инкубациялық кезең аяқталғанға дейін сабаққа кіруге уақытша тыйым салынады және оқушыларға күндіз сыныптар арасында жүруге рұқсат берілмейді.
Егер оқушылардың 30 пайызы немесе одан көбі ауырып қалса, сынып қашықтан оқытуға көшіріледі.
Пікірлер