Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға ниетті азаматтар үшін тестілеуге өтініш қабылдау 27 қарашада басталды. Өтініштер 7 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Тестілеу 8 желтоқсанда өтеді. Үміткерлер өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы бере алады.
Тестілеу үш бөлімнен тұрады:
Қазақ тілі – 30 тапсырма, шекті балл – 15. Тест қазақ тілінде өткізіледі;
Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері – 40 тапсырма, шекті балл – 20. Қазақ немесе орыс тілін таңдауға болады;
Қазақстан тарихы – 30 тапсырма, шекті балл – 15. Тест қазақ немесе орыс тілінде тапсырылады.
Тестілеу бойынша ең жоғары балл – 100. Шекті балл – 50.
Тапсырмаларды орындауға 2 сағат 10 минут беріледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қосымша 30 минут уақыт қарастырылған.
Тестілеуге қатысу құны – 14 693 теңге.
Дайындық деңгейін тексергісі келетін үміткерлер үшін ақылы байқау сынағы да қолжетімді. Оның құны – 3 355 теңге. Сынақтан app.testcenter.kz сайтындағы «Байқау сынағы» бөлімінде өтуге болады.
Тестілеу туралы толық ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтындағы «Азаматтық алуға үміткерлерге» бөлімінен білуге болады.
Пікірлер