Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Шығыс Қазақстан облысындағы 534 сайлау учаскесінің барлығы таңғы сағат 07:00-де ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірдегі сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілді.
Мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасалды. Атап айтқанда, 532 сайлау учаскесі ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. 522 учаскеде пандус бар, ал 511 учаскеге тактильді бағыттағыштар орнатылды. 501 учаскеде арбамен жүретін азаматтарға ыңғайлы жасырын дауыс беру кабиналары қарастырылды. Осы учаскелерде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар да жабдықталған.
Дауыс беру күні инватакси қызметі ұйымдастырылды. 117 сайлау учаскесінде ым тілі аудармашылары қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 501 учаскеде көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған арнайы трафареттер бар. Сайлаушылар бюллетеньнің аудионұсқасын тыңдаған соң трафареттің көмегімен оны өз бетінше толтыра алады.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Әр сайлаушы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, сайлауға қатыса алады.
Пікірлер