A+ A A-

talgatzhan 107 27-03-2025, 10:30 0

«Аудан орталығына жету қиындады»: Зайсан ауданының тұрғындары жолдың сапасына арызданды

Бүгін / Зайсан / Өзекті мәселе

Жол мұраты – жету. Алайда Зайсан ауданының жұрты үшін бір жерден екінші жерге қатынау мұң болды. Анығын айтқанда, редакциямызға хабарласқан жергілікті халық Біржан-Ақарал ауылдары арасындағы жол жағдайының мүшкілдігіне шағымданды. Олардың айтуларынша, көктем-күз айларында осы 50 шақырымдай жолда жеңіл көліктер батып қалып, ауылдан Зайсан қаласына жету тіптен қиындайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

«Көліктер батып жатыр»

Зайсан ауданының тұрғыны Ерсін Мақсұтовтың (аты-жөні өзгертілген) сөзінше, аталған мәселенің шешімін таппай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. 

- Жолдың жөнделеді дегеніне 5-6 жыл болды. Бірақ өзгеріс жоқ. Көктем мен күзде әбден әбігерге түсеміз. Себебі аудан орталығы – Зайсан қаласына жету мүмкін емес. Асфальттың жоқтығынан жеңіл көліктер батып қалады. Бірде ауыл тұрғыны аудан орталығынан жедел жәрдем шақыртқан еді. 1,5 сағат күткен соң шыдамы жетпей, жол талғамайтын көлікпен жедел жәрдемге өздері салып жіберген. Мүмкін болса осы мәселені қолға алсаңыздар, - дейді ол.

Жол жөнделе ме?

Ауыл халқының хатынан соң Зайсан ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолдадық. Аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіковтың айтуынша, «Біржан-Ақарал» жергілікті маңызы бар автомобиль жолы саналады.

- Аталған тасжол Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Жалпы Біржан ауылынан Ақарал ауылына дейінгі қашықтық 12 шақырымды құрайды. Жол жазғы күтіп-ұстау жұмыстары аясында нормативтік қалыпта ұсталуда. Ал орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 2025 жылға жоспарланып отыр. Тұрғындар тарапынан да қалпына келтіру жөнінде ұсыныстар келіп түсті, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ Данияр Серікұлының мәліметінше, биыл аудан бойынша бірқатар жол жөндеуден өтеді.

- Тасбастау ауылындағы көше 61,7 млн теңгеге орташа қалпына келтіріледі. Айнабұлақ ауылдық округіндегі 9 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жоба сомасы - 210 млн теңге. Біржан ауылының 19-мамыр (0-0,557 шақырым), 8-Шартты (0-0,4 шақырым), Амангелді (0-0,6 шақырым), 4-Шартты (0-0,25 шақырым) көшелерін орташа жөндеу жобасы да қолға алынады. Жалпы ұзындығы - 1,806 шақырым. Жоба сомасы 80 млн теңгені құрайды. Дайыр ауылындағы Абай көшесі (1,2 шақырым) 58 млн теңгеге орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Көкжыра ауылының екі көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі. Жоба сомасы - 112 млн теңге. Қарабұлақ ауылындағы Абай көшесін (1,6 шақырым) орташа жөндеу үшін 69,6 млн теңге көзделген, - дейді ол.

Бұдан бөлек, биыл «Зайсан-Жаңатұрмыс-Шүршітсу» (0-12 шақырым) аудандық маңызы бар тасжолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

 

Қымбат ОРАЛХАНҚЫЗЫ

Оқырманнан келген фотосурет

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив