Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында маңызды өңірлік шара – «Мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың өзара жүйелі іс-қимылын іздеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында жүктеген стратегиялық міндеттерге жауап іздеу мақсатында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – өңірлік мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы жүйелі өзара іс-қимылды жолға қою арқылы әлеуметтік синергияға қол жеткізу. Шараға модераторлық еткен мамандардың пікірінше, дәл осындай маңызды бастаманың еліміздің Шығыс өңірінде, атап айтқанда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында өтуі – кездейсоқтық емес. Университеттің ғылыми-зерттеу әлеуеті мен жинақтаған тәжірибесі қоғамдық-саяси мәселелерді шешуге, сондай-ақ аймақтық атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар арасындағы тиімді әрекеттесу моделін жасауға тың серпін береді.
Өңірлік модельдің таныстырылымы кезінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы-ректоры Сәуле Жәдігерқызы да өз пікірін білдірді.
- "ASHYQТYQ, YNTYMAQТASTYQ, KOLLABORATIVTIK" моделі – бұл жай ғана идея емес, ол әлеуметтік менеджмент пен өңірлік басқару тәжірибесіне ғылыми тәсілдерді нақты енгізудің тетігі. Аталған бастама аймақтың ерекшеліктерін ескеріп, ғылыми әзірлемелер мен практикалық тәжірибелерді біріктіре отырып, әлеуметтік жаңғыру жолына тың серпін бермек, - деді ол.
Іс-шара аясында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша директоры Жанар Бұқанова жаңа модельдің мәні мен маңызын атап өтті:
- Шығыс Қазақстан – мәдениеті мен өнеркәсібі дамыған, әлеуеті зор өңірлердің бірі. Сондықтан мемлекеттік ауқымдағы мақсаттарды іске асыруда біз академия филиалы тарапынан жаңа, кешенді модель – "ASHYQТYQ, YNTYMAQТASTYQ, KOLLABORATIVTIK" жобасын ұсынып отырмыз. Бұл бастама тек мемлекеттік органдарды ғана емес, бизнесте белсенді азаматтарды да өңірлік әкімшілік жүргізу мен әлеуметтік менеджмент үдерістеріне тартуға бағытталған. Модель өңірдің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.
Бұл дөңгелек үстел – ел Президентінің бастамаларына нақты жауап беретін, аймақтық даму мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Іс-шара қорытындысы бойынша барлық тараптың қатысуымен өңірлік өзара іс-қимылдың жаңа форматы бекітіліп, алдағы уақытта оны іске асыру жолдары айқындалатын болады.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Пікірлер