A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 21:25 0

Катонқарағайда халықаралық музыкалық фестиваль өтіп жатыр

Бүгін / Катонқарағай

Алтайдың баурайында, ән мен күйге бөленген қасиетті мекенде «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық фестивалінің шымылдығы түрілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

Салтанатты шарада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, алыстан ат терлетіп жеткен қадірлі меймандар мен өнерпаздарға ерекше ықыласын білдірді. 

— Ардақты ағайын, құрметті қонақтар! Алтай — түркі жұртының түпқазығы, тарихи һәм рухани алтын бесігі. Бұл өңір – халқымыздың тағылымды шежіресінің, інжу-маржан мәдениетінің, төл әдебиеті мен рухани мұрасының киелі ошағы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана түркі тілдес мемлекеттер арасындағы достық пен бауырластықты нығайту жайында айтып өтті. Бүгінгі мерекеге көрші елдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер иелеріне айрықша алғысымызды білдіреміз. Алтай — тек Қазақстан ғана емес, күллі түркі жұрты үшін ортақ мәдени орда, — деді аймақ басшысы.

Фестиваль аясында от ауызды, орақ тілді айтыскер ақындар сөз барымтасына түсіп, сахнада жыр бәйгесін қыздырды. Түркі елдерінен келген өнерпаздар күй мен жырдан шашу шашып, бауырлас халықтардың рухани байланысын тереңдете түсті.

Айта кетейік, фестивальдің ең жас қатысушысы – Саха Республикасының өнерпазы Архан Уйгуға арнайы қазақтың қасиетті домбырасы тарту етілді.

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив