A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 00:00 0

Катонқарағайдағы халықаралық фестиваль дүркіреп өтті

Бүгін / Басты / Катонқарағай

«Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық фестиваліне келген өнерпаздар мен қонақтар қасиетті Алтайдың төрінде бас қосып, бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, мәдени мұраны ұлықтауға атсалысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеш батқан шақта аты аңызға айналған жазушы Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамған Катонқарағайда өткен гала-концертке жиналған жұрттың қарасы мол. Кешкі самалға қарамастан, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін сахна маңына топтасып, шынайы өнердің шуағына бөленді.

Фестиваль аясында 11 елден арнайы шақырылған өнерпаздар сахна төрінен көрініп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шараға Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Саха Республикасы сынды бауырлас мемлекеттерден келген талантты әртістер қатысты. Олар өз ұлтының әуезді әні мен бай мұрасын паш етіп, түркі халықтарының ортақ мәдени тамырынан сыр шертті.

Әсіресе Әзербайжаннан арнайы ат арытып жеткен музыкант Мирджоват Джафарофтың тарихи аспаппен орындаған шығармасы көпшілікті тәнті етті. Домбыраға ұқсас ұлттық аспап арқылы ол қазақ еліне арнаған музыкалық сәлемін жеткізді.

Айта кетейік, дәстүрлі өнердің мәртебесін көтеріп жүрген Ерлан Рысқали да қасиетті мекенге арнайы келіп, ұлттық ән өнерінен шашу шашты. Қазақ-қырғыз жұртының сүйіктісіне айналған Нұрайым Ақылбекова нәзік әрі сырлы үнімен көрерменнің жүрегін жаулап, рухани кештің шырайын кіргізді.

Қазақ эстрадасының белгілі өкілдері Әмре мен Қобыланды Болат сахна төріне шығып, ұлттық және заманауи әндердің әсем үйлесімін көрсетті. Ал қалың көрерменнің жүрегінен орын алған, қазақ музыкасының символына айналған “МузАРТ” тобының өнері кештің көркін кіргізіп, көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі.

Концерт соңында белгілі әнші Сәкен Майғазиев аудан халқына алғысын білдіріп, жүрекжарды сәлемін жолдады. Оның шынайы лебізі мен жылы сөзі көрерменнің көңілін тебірентіп, фестивалді әдемі түйіндеді.

Бұл шара — түркі халықтарының ортақ тамырын танытқан, бауырлас елдердің мәдени ынтымақтастығын тереңдете түскен ерекше оқиға. «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі жыл сайын дәстүрге айналып, рухани жаңғырудың жарқын үлгісіне айналса игі.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ

Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив