Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл туралы Катонқарағай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде ауданда 26 елді мекен сумен қамтамасыз етілген. Халықты сумен қамту қызметтеріне қолжетімділігі – 98,8%.
Деседе, Топқайың ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту жобасының құрылысы 4 жылдан астам уақытқа созылып кетті. Басты себеп - мердігер жосықсыз болып шықты.
«Өңір тұрғындарын алаңдататын әрбір мәселе біздің бақылауымызда. Топқайың ауылындағы жобаға жауапты мердігер өз міндетіне салғырт қарап, жауапкершілік танытпады. Қазіргі таңда жаңа мердігер жұмысты жалғастырып жатыр. Алайда, істің орындалмағанын тек компанияға жауып, аудан басшылығына жауапкершіліктен жалтаруға болмайды» - деп баса айтты Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысы халықпен кездесуден кейін арнайы Топқайың ауылына барып, құрылыс жұмыстарын тексерді. Құрылыс алаңында ауыл тұрғындары да болды. Олар сол жерде толғандырған сұрақтарын тікелей мердігерге қойды.
«Данияр Бекқазыұлы (Катонқарағай ауданының әкімі), мердігермен бірлесіп бұл жұмысты 1 қарашаға дейін толық аяқтауды тапсырамын. Істей алмаған жағдайда, тиісті шешім қабылдаймыз», - деді облыс әкімі.
Пікірлер