Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының жалпы аумағы 9785,9 мың гектар болса, ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 3473,5 мың гектарды құрайды. Соның ішінде егістік жерлер – 667,2 мың га, шабындық жерлер – 270,7 мың га, жайылымдық жерлер – 2397, 9 мың га.
Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру екі жолмен жүзеге асырылады: конкурстық негізде және сауда-саттықсыз. Надежда Михейлистің айтуынша, шаруа қожалығы, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жер учаскелері конкурстық негізде беріледі.
- Биыл конкурс бойынша жалпы көлемі 21,4 мың гектарды құрайтын 143 жер телімі берілді. Конкурс жер кодексінде айқындалған ережелер бойынша өтеді. Жыл сайын әкімдіктер түскен өтініштерді ескере отырып, конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізімін бекітеді, - дейді ол.
Оның нәтижелерін жер комиссиясы келіп түскен жабық конверттерді ашу арқылы анықтайды. Өтінім берген жеңімпаздар ұпай арқылы анықталады. Әкімдік жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылдап, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын жасайды.
Айта кету керек, биыл жайылымдық жерді беру және пайдалану тәртібі өзгерді. Жауапты маманның айтуынша, бұрын жайылымдық жер конкурссыз берілетін.
- Биыл қоғамдық жайылымдар ұғымы енгізілді. Елді мекеннің іргелес аумағында орналасқан мемлекет меншігіндегі жайылымға тұрғындар жерге құқық бермей-ақ өз малын жая алады, - деп түсіндірді басқарма басшысы Надежда Михейлес.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер