A+ A A-

talgatzhan 32 Кеше, 12:20 0

Катонқарағай ауданында 1,35 млрд теңгеге 6 жол жөндеу жобасы қолға алынбақ

Бүгін / Катонқарағай

Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Данияр Дүйсембаев 9 айдағы даму көрсеткіштері мен алдағы уақытқа арналған жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәні бар меморандумдар

Белгілі болғандай, жыл басталғалы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан.

– Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 985,9 млн теңгеге дейін, өңдеу өнеркәсібі 703,5 млн теңгеге дейін, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласының жалпы өнімі 13 млрд 63,5 млн теңгеге дейін өсті. Құрылыс саласында 11 млрд 161,9 млн теңгенің жұмысы орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 4088 шаршы метрге дейін артты. Бөлшек тауар айналымы 4 млрд 831,3 млн теңгеге өсті. Көтерме сауда айналымының көлемі 134,7 млн теңгеге дейін көбейді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 760,3 пайызға артып, 25 млрд 372,2 млн теңгеге дейін ұлғайған, – деді аудан әкімі Данияр Дүйсембаев.

Бұдан бөлек, биыл ауданда төрт ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Ресми мәліметке сүйенсек, Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» панто-шипажайы кеңейтіліп (400 млн теңге), Аршаты ауылында «Altay Resort» курорттық кешені (2 млрд теңге), Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-отелі аумағында мейрамхана (200 млн теңге), Катонқарағай ауылында «Altay Terra Resort» туристік кешені (500 млн теңге) салынды. Халықаралық инвестициялық форумда «Altai Taihe Real Estate Development Company Ltd» компаниясымен 8 млрд теңгеге қонақ үй кешенін және киіз үй қалашығын, «Pana Asia» компаниясымен 6 млрд теңгеге туристік қалашық салу туралы меморандумдарға қол қойылды.

– Ауданның дамуына Мемлекет басшысының Катонқарағайда әуежай салу туралы шешімі де үлкен серпін берді. Заманауи әуежай туристер мен кәсіпкерлерді тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ауданның халықаралық туристік бағыт ретіндегі мәртебесін арттырады. Әуежай Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына ішкі рейстерді, Алтай мен Қанасқа (Қытай Халық Республикасы) және Баян-Өлгейге (Моңғолия) халықаралық маршруттарды қамтамасыз етеді, – деді Данияр Дүйсембаев. 

 

Көшіп келгендер көп пе?

Белгілі болғандай, биыл еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы бойынша Катонқарағайға аймақтық квота шеңберінде 9 отбасы, яғни 24 адам көшіп келді. Тағы 50 азамат қоныс аудару үшін квота күтіп отыр. 

3 қазанда Шымкентте өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің нәтижесінде шаһардан 68 отбасы (286 адам), Сарыағаш ауданынан 24 отбасы (102 адам) Катонқарағай ауданына қоныс аударуға ниетті.

Осы ретте биыл ауданда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға арналған алты екі пәтерлі тұрғын үй сатып алу көзделген.

– Жоба аясында үйлердің төртеуі Катонқарағай ауылында, біреуі Қызыл Жұлдыз ауылында және тағы біреуі Қайыңды ауылында бой көтерді. Әр пәтердің ауданы кемінде 70 шаршы метрді құрайды, жалпы тұрғын үй қорының ауданы 840 шаршы метр. Аталған мақсатқа бюджеттен жалпы сомасы 218,4 млн теңге бөлінген. 21 мамырда Катонқарағай ауданы әкімінің аппараты мен «Qurylys BD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында үйлерді салу және сатып алу бойынша оффтейк-келісімшарт жасалды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды, – деді аудан басшысы Данияр Дүйсембаев.

 

Жолдар жөнделуде

Аудан әкімдігінің мәліметінше, осы жылы 1,35 млрд теңгеге 6 жол жөндеу жобасы қолға алынбақ.

Маңызды жобалардың қатарында аудандық маңызы бар «Жанат панто-шипажайы» демалыс базасына кіреберіс жол (33 млн теңге), Коробиха ауылына кіреберіс жолдың 16,5 шақырымы (45 млн теңге), «Жаңа Үлгі – Жамбыл – Берел» тасжолының 0–12 шақырымы (87,471,2 млн теңге), «Согорное – Барлық – Ақсу» тасжолының 8–41 шақырымы (484,312 млн теңге), Аршаты ауылына кіреберіс жолдың 0-12,8 шақырымы (586,900 млн теңге), Катонқарағай ауылының көшелерін орташа жөндеу (115 млн теңге), республикалық маңызы бар «Өскемен–Алтай–Үлкен Нарын–Катонқарағай–Рахман қайнарлары» тасжолының 437–450 шақырымын орташа жөндеу бар.

Айта кетейік, Катонқарағай ауылында көше жарығын орнату үшін 30 млн теңге бөлінді. 34 қырлы тірек пен 60 қарапайым тірек орнату, 78 орында кабельдер мен шамдарды ауыстыру жоспарланған. Қазір жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Бұдан бөлек, ауданда биыл бірнеше маңызды жоба аяқталады. Мәселен, Катонқарағай ауылында жалпы құны  921,6 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мәресіне жетті. 

– Бұған дейінгі мердігер компаниямен келісімшарт бұзылып, жобаның сметалық құнын арттырмай, құрылыс жұмыстары «СтройДомСервис» ЖШС-ға тапсырылды. Бүгінде негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. – деді аудан басшысы Данияр Дүйсембаев.

Биыл Топқайың ауылындағы су құбыры желілері мен құрылыстарын реконструкциялау да аяқталды.

 

Қараайрықтағы көпір жаңғыртылады

Катонқарағай ауданының Жамбыл ауылдық округі аумағында орналасқан Бұланты (Ақ Берел) өзенінен өтетін көпір толықтай реконструкциядан өтеді. Бұл нысан аудандық маңызы бар «KF КТ-473 Язевое көліне кіреберіс» автожолының бірінші шақырымында орналасқан. Аталған жол республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Рахман қайнарлары» тасжолына қосылып, туристік әлеуеті жоғары Язевое көліне апарады.

– Өзен үстіндегі ағаш көпір 1974 жылы салынған және бүгінде техникалық тұрғыдан ескірген. Осыған байланысты Катонқарағай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Бұланты (Ақ Берел) өзенінен өтетін көпірді реконструкциялау» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледі. Аталған жоба мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, оң қорытынды алған. Жобаның жалпы құны 592,0 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін биыл облыстық бюджеттен 176,3 миллион теңге бөлінді, – деді Данияр Дүйсембаев.

Қазір мердігер ұйым – «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС көпірді жаңарту жұмыстарына дайындық кезеңін бастады. Осылайша, жаңа көпір аймақтың жол инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, Язевое көліне баратын бағыттағы көлік қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив