Катонқарағай ауданында дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін басқа қалалардан мамандар тартылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен шалғайдағы аудандарға дәрігер мамандарды тарту бағдарламасы аясында Астана, Шымкент қалаларынан аудандық ауруханаға 7 маман жұмысқа келді.
Хирург, терапевт, акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, көз, реаниматолог дәрігерлер аудан медицинасының әлеуеті мен тұрғындар санының артуына үлес қосты. Мемлекеттік қолдау шараларынан бөлек, ақ халаттылар жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үймен қамтылды.
Бұдан бөлек, қазан айында Шымкентте өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің нәтижесінде Шымкенттен 68 отбасы, Сарыағаш ауданынан 24 отбасы Катонқарағайға көшіп келуге ниет білдіріп отыр.
Биыл қоныс аудару бағдарламасымен еңбек күші артық өңірлерден Катонқарағайға аймақтық квота шеңберінде 9 отбасы, барлығы 24 адам қоныс аударған.
Пікірлер