Бүгін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында облыстық ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Аяужан Ашимова өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аяужан Ашимованың айтуынша, қазір жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау және түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
– Бүгін біз кәсіпкерлер қауымымен кездесіп, жаңа Ата Заңның әрбір бабына тоқталамыз. Енгізілетін өзгерістердің әр азаматтың өміріне қалай әсер ететінін саралаймыз. Кәсіпкерлер – жаңа технологиялар мен өзгерістерді алғашқылардың бірі болып қабылдап, оны іс жүзінде қолданатын белсенді орта. Сондықтан елдегі ауқымды өзгерістер бұл саланы бейжай қалдырмайды, – деді ол.
Жиын барысында негізгі заңға енгізілетін түзетулердің маңызы айтылып, олардың мазмұны егжей-тегжейлі түсіндірілді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
– Жақында өтетін референдум бәрімізге белгілі. Жаңа заң қоғам өміріне, әр азаматтың құқығы мен мүмкіндігіне өзгеріс әкеледі. Әсіресе, кәсіпкерлік пен мүлікке қатысты бірқатар маңызды түзету енгізілді. Сондықтан жаңа Конституция кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз, – деді Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Алыстан Маратов.
Пікірлер