A+ A A-

talgatzhan 45 Кеше, 15:50 0

Нұрымбет Сақтағанов әкім болғалы қандай жұмыстар атқарылды?

Бүгін / Басты / ШҚО

Ақпанның 17-сі күні Нұрымбет Сақтағановтың облыс әкімі болып тағайындалғанына тура бір жыл толды. Қай салада ілгерілеу байқалып, қай бағыт әлі де қолдауды қажет ететіндігі айқындалып үлгерді деуге болады. Бұл материалда аталған мерзім аралығында бірнеше сала бойынша атқарылған жұмыс қорытындыланды. Алдымен экономикаға тоқталайық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Тұғылда айлақ салынады

Ресми мәліметтерге сенсек, аймақ экономикасында алға жылжу байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,2%-ға өсіп, 838 млрд теңгеден асты. 
– Биыл облысқа 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бүгінде цифрлық инвестициялық платформа арқылы жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 65 жоба іске асырылуда. Экономиканың негізгі қозғаушы күші – құрылыс саласы. Өткен жылмен салыстырғанда бұл сектор 9,3%-ға өсіп, 458,8 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, сауда саласы мен агроөнеркәсіп кешені де оң динамика көрсетті, бұл салада өндірілген өнім көлемі 554 млрд теңгеден асты, – деген болатын Нұрымбет Сақтағанов бұған дейін өткен жиындарда.

Әлеуметтік салада да көрсеткіш бірқалыпты. Әсіресе, халықтың жұмыспен қамтылуы әр аудан үшін маңызды. Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан аспайды. Орташа жалақы 9,5%-ға өсіп, 28,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың төрттен үш бөлігі тұрақты қызмет орындары.

Тиісті басқарма өкілдері авиациялық инфрақұрылымға инвестициялар өз деңгейінде тартылып жатқанын алға тартты. 
– Биыл Зайсан мен Катонқарағайда жаңа әуежайлар іске қосылады. Сондай-ақ Тұғыл ауылында кемежай салу және Майқапшағайға теміржол тарту мәселелері пысықталуда. Жол-көлік инфрақұрылымы бойынша өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 856 шақырым автожол жөнделді, ал 2026 жылы тағы 308 шақырым жолды нормативтік жағдайға келтіру жоспарлануда. Туризмді дамыту үшін «Теректі – Ұрұнхайка», «Төсқайын – Шанағатты» бағыттарындағы автожолдарды жөндеу көзделген, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Мәдениетке мән беріліп жатыр

Соңғы жылдары өңірде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Риддер қаласында «Анатау» тау-шаңғы кешенінің құрылысы басталды. Бұған дейін міне-міне қолға алынады делінген болатын. Сонымен бірге BearLog эко-отелі іске қосылып, «RIDDER RESORT HOTEL» қонақүй кешені қайта жаңғыртылуда. Катонқарағай ауданында француз және қазақстандық компаниялар бірлесіп, әлемдік стандарттағы қонақүй кешенін салуды жоспарлап отыр (инвестиция көлемі 8,8 млрд теңге). National Geographic үшін ақпараттық тур ұйымдастыру жоспарда бар.                                                                                             
– Медициналық туризм де қапы қалған жоқ. Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығы базасында қолжетімді бағамен жоғары сапалы чек-ап қызметтері көрсетіледі.
Мәдени-этнографиялық іс-шаралар мен фестивальдар туристік тартымдылықты арттырады, – деді әкім.
 2025 жылы «Шығыс салбурыны» бүркітшілер фестивалі, «Аяз Ата, Ақшақар» жаңа жылдық мерекесі, AltaiFest, «Бұқтырма балықшысы» қысқы балықшылар фестивалі және «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» шаралары өтті.
Спорт саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Төбесі жабық футбол стадионының салынатыны елеулі жаңалық. Жалпы, бір жылда 3,6 мың спорттық іс-шара ұйымдастырылып, облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 5,7 мыңнан астам медаль жеңіп алды. Таврия, Ақжар, Катонқарағай ауылдарында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ Зайсан ауданында спорттық модуль салынып, Ақжар ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртылды.

Ел күткен емханалар ашылды

2025 жылы облыс әкімдігі халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Шетелдік инвесторлармен 80 кездесу өткізілді. Оның ішінде ҚХР, Корея, Швеция, АҚШ, Франция, Түркия, Германия, Бельгия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь, Эстония елдерінің өкілдерімен жүздесіп, әралуан тақырыпта серіктестікті жалғастыруға ниетті екені белгілі болды. Халықаралық форумдар мен «Altai invest – 2025» инвестициялық форумында 67 меморандум мен келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар, 2025 жылы Ұлан ауданында заманауи аудандық емхана, Риддер қаласында аурухана кешені, Өскемен қаласының Ахмер ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 36 медициналық нысан салынды. Облыстағы Ана мен бала орталығы мен Гематология орталығы біріктіріліп, 300 орындық көпбейінді аурухана құрылуда.
Облыста білім саласы да дамып келеді. «Келешек мектептері» жобасы бойынша 7 заманауи мектеп ашылып, оның ішінде Зайсан қаласы және Жаңа Бұқтырма кентіндегі мектептер пайдалануға берілді.
– 2025 жылы ШҚО әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық, мәдени және туристік даму бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Инвестициялар, жаңа жобалар, халықаралық ынтымақтастық пен әлеуметтік бастамалар өңірдің тұрақты дамуына мүмкіндік берді. Алдағы жылы да облыс әкімі мен жергілікті билік органдарының бастамалары халықаралық инвестициялық, туристік және әлеуметтік салалардағы серпілісті жалғастыруға бағытталады, – делінген әкімдік ақпаратында.

Баян ӨТЕПҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив