Катонқарағайда орналасқан шаруа қожалығының жетекшісі Абзал Болатов демалыс базасына апаратын қараусыз автомобиль жолы мәселесін айтып, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұзындығы 1,2 шақырым болатын жол учаскесі аудандық маңызы бар жолдар теңгеріміне кірмеген. Бұл жағдай кәсіп жүргізуге айтарлықтай кедергі болып отыр.
Шаруа қожалығы марал өсірумен және пантымен емдеу қызметін көрсетумен айналысады, сондай-ақ туристер мен демалушыларды қабылдайды. Алайда бұл өңірде қыс маусымы жеті-сегіз айға созылып, арнайы техниканың болмауы қыс мезгілінде жолды уақтылы тазалауға мүмкіндік бермеген. Салдарынан келушілердің, қызметкерлер мен жеткізушілердің қатынауы қиындады.
– Қыста жолды қар басып қалады. Бұл туристерді қабылдауға да, қызметкерлердің жұмысына да кері әсерін тигізеді, – деді Болатов.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жәңгірханова мұндай мәселелер ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Бизнес нысандарына апаратын кірме жолдардың болмауы аудандарда жиі кездесетін мәселе. Демек, кәсіпкер қалыпты жұмыс жағдайын қамтамасыз ете алмады, – деді ол.
Филиал директоры Болат Канапин 2024-2025 жылдары бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен бірнеше рет талқыланғанын жеткізді.
– Әкімдікпен өзара іс-қимыл нәтижесінде аталған жол учаскесін аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне енгізуге қол жеткіздік. Бұл жолды қардан тазалап, бюджет есебінен қызмет көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады, – деді директор.
Нәтижесінде 1,2 шақырым жолдың аудан теңгеріміне өтуіне бір жыл уақыт кеткен. Енді қардан тазалау жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін болады.
Пікірлер