A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 15:40 0

Үш аудандағы үздіксіз жұмыс облыс әкімінің бақылауында

Бүгін / Алтай / Үлкен Нарын / Катонқарағай

Жуықта аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай ауданына барды. Ол су тасқынын алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар барысын тексеріп, бірқатар маңызды нысанды аралады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кептелген мұздан кедергі көп

Бүгінде Алтай ауданына қарасты өзендер мен су өткізгіш құрылымдарды су тасқынына дайындап жатыр. Күзде Зубовск кентіндегі арық жүйелері мен каналдар шөптен тазартылып, Зеленка және Поганка өзендеріндегі бөгеттер жөнделді. Березовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетіліп, Железнодорожная көшесі мен Зубовка өзеніне апаратын каналдағы шөптер орылып, арналар ретке келтірілді.

Ал Бұқтырма өзенінде орналасқан бөгет 2001 жылы салынған. Ұзындығы – 2 400 метр, ені – 5 метр, биіктігі – 3,5 метр. Су тасқынына қарсы жұмыстар барысында бөгеттің 200 метрлік бөлігі күшейтілді.

Сонымен қатар 17 тасжолдағы су өткізу құрылысы, 2 теміржол су өткізу нысаны қар мен мұздан тазартылды. Малеевск ауылдық округінде де су тасқыны қаупіне қарсы бірқатар шара жүзеге асырылды. Арықтар мен 25 су өткізу нысаны қар мен қоқыстан тазартылды.

Бұдан бөлек, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, су тасқыны кезінде әрекет ету тәртібі жазылған жадынамалар таратылды. Қазір инертті материал салынған 600 дана ыдыс-қап дайындалып, қосымша 8 тонна материал қоры жасақталған.

Өзендердегі су деңгейін бақылау үшін ауданда үш гидробекет жұмыс істеп тұр. Малеевск ауылындағы Бұқтырма өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 580 см деп белгіленген.

– Біз цифрландыру арқылы су деңгейін алдын ала бақылаймыз. Қанша қар жауғанын, су деңгейінің қай кезде көтерілетінін арнайы жүйе арқылы көреміз. Осыған байланысты ұзындығы 100 метр болатын екі су бұрғыш салынды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ал Үлкен Нарын ауданындағы Сурка өзенінің арнасын ағаш-бұталы өсімдіктерден тазарту, түбін тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Жуықта ғана Катонқарағай ауданына қарасты Барлық ауылындағы Бұқтырма өзенінің арнасында мұз кептелісінің алдын алу мақсатында бірнеше жарылыс жүргізілді.

– 1800-ден астам жарылғыш зат пайдаланылып, 21 000 шаршы метр аумақта мұз ұсақталған. Осылайша, мұз кептелуіне жол берілмей, елдімекендердегі су тасқыны қаупі азайтылды. Су тасқыны жағдайы үздіксіз бақылауда болады, – деді өңір басшысы.

Облыста қар мөлшері өткен жылмен салыстырғанда аз болғандықтан, өрт қаупі де жоғары. Сондықтан Алтай ауданының әкімдігі өртке қарсы шараларды күшейтіп, қажетті техника мен құралдарды дайындауда.

– Қауіптің алдын алу үшін барлық шараны қабылдап жатырмыз. Су тасқыны кезеңінде тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Бұл шаралар табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін кешенді және жүйелі тәсілмен жүргізіліп отыр.

 

«Бюджет босқа жұмсалмауы керек»

Өңір әкімі жұмыс сапары барысында Алтай ауданына қарасты Зубовск кентіндегі «Алтай» теміржол вокзалының құрылысымен танысты. Мұнда қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталған еді.

Жаңа жобаның мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, заманауи инфрақұрылым әзірлеп, ауданның көлік қолжетімділігін дамыту. Жоба жетекшісі Дәурен Сәрсембаевтың айтуынша, қазір ішкі жұмыстары аяқталып, қайта жаңғыртудың соңғы кезеңіне дайындық жүргізілуде.

– Ғимараттың қабырғалары жөнделді. Сейсмикалық белдеулер орнатылып, шатыры жабылып, терезелер қойылды. Ішкі жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: еденді тегістеу 80%-ға дайын, төбесі толық қапталған. Жылыту мен желдету жүйелерінің 70%-ы жұмыс істеп тұр, – деді Дәурен Сәрсембаев.

Қазір нысанның сыртқы қаптамасына қажетті материалдарды жеткізу күтілуде. Жобаны толық аяқтау 1 шілдеге жоспарланып отыр.

Бұдан соң аймақ басшысы Үлкен Нарын ауданындағы туристік ақпараттық орталық аумағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. 92 миллион теңгеден асатын жобаны Үлкен Нарын ауданы мәдениет және демалыс орталығы, сонымен қатар мердігер ұйым «Нарын Строй Сервис» ЖШС қолға алған.

Аталған жоба аясында 800 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеу, саябақ шамдарын, шағын архитектуралық формаларды, орындықтар, қоқыс жәшіктері, беседкалар орнату және гүлзарлар жасау жоспарланған. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Үлкен Нарын ауданындағы бассейн құрылысы 2021 жылы басталған еді. Содан сақалды құрылысқа айналды. Қазір бұрынғы мердігермен келісімшарт бұзылып, жаңа мердігер ұйым «Элхон» ЖШС-мен меморандум жасалды. Құрылысшылар дайындық жұмыстарын бастап, қажетті құрылыс материалдарын сатып алуға кірісті. Нысан осы жылы дайын болады деп күтілуде.

– Бұл жобалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсарту, туризмді дамыту және инфрақұрылымды нығайту тұрғысынан маңызды. Біз ең әуелі құрылыс мерзімдерінің сақталуына, сапа мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мән беруіміз керек, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлерге жобалардың іске асырылу қарқынын арттырып, нысандарды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив