A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 12:30 0

Өскемендегі сенбілік аясында Абай ескерткіші жарқырап шықты

Бүгін / ШҚО

Бүгін қала тұрғындары шаһардың орталық алаңында тазалық жүргізіп, сенбінің таңын сергек бастады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғындары жұмысқа біркісідей кірісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сенбілікке жиналғандардың сөзінше, қаланың келбеті - оның тазалығы мен мәдениетінен көрінеді. Өскеменнің бас алаңында жиналғандар қарасы көп болмаса да, бәрі көңілді, күбір-күбір әңгімемен жұмысты тоқтаусыз жалғастырды. Оған қоса, осы жолғы тазалықтың маңызы ерекше. Өйткені шара Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнімен тұспа-тұс келіп, шаһардың басты символы - Абай Құнанбайұлының ескерткішін ажарландыруға бағытталды.

Ескерткіш - елдіктің белгісі
Республика алаңында бой көтерген Абай ескерткіші - тек сәулеттік туынды емес, аймақтың рухани орталығы, елдік пен парасаттың белгісі. Сондықтан бұл монументтің әрқашан таза әрі айбынды көрінуі қала тұрғындары мен билік өкілдері үшін үлкен жауапкершілік. 

Таңсәріден басталған шараға облыс әкімдігінің 20-ға жуық қызметкері білек сыбана кірісті. Биіктігі бірнеше метрлік қола мүсінді шаң-тозаңнан арылту үшін арнайы су шашатын техникалар (биік сатылы жүк көліктері) тартылды. Қуатты су ағыны ескерткіштің ең биік нүктелерінен бастап, тұғырын шайып өтті. Ал қызметкерлер монумент айналасындағы шағын элементтер мен плиталарды өз қолдарымен тазартып, айналаны ретке келтірді.

Бірлік бар жерде - береке бар
Іс-шараның басты мақсаты сол, қаланы қоқыстан тазарту ғана емес, ұжымдық ауызбіршілікті нығайтып, тарихи мұраға құрмет көрсету. Қызметкерлер бұл шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.

- Абай атамыздың ескерткіші - қаламыздың көркі, рухымыздың асқақтауы. Халықаралық ескерткіштер күніне орай осы киелі орынды тазартуды жөн көрдік. Әкімдік қызметкерлерінің бүгінгі белсенділігі өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Бізде әр сенбі сайын осындай шаралар өтіп тұрады, бұл - қаламызға деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі, - деді қатысушылар.

Тазалық жұмыстарына қатысып, көпке үлгі болғандардың қатарында облыс әкімі аппаратының құқық қорғау жұмысы жөніндегі маманы Самал Тоқтарханқызы да бар. Ол өз сөзінде ұлы ақынның өсиеттерін тілге тиек етті:

- Бүгін біз, облыс әкімі аппаратының мамандары, ерекше көңіл-күймен сенбілікке шықтық. Хакім Абайдың «Біріңді, қазақ, дос көрмесең, істің бәрі - бос» деген сөзі біз үшін басты ұран. Ұлы ақын халықты әрдайым татулық пен бірлікке шақырған. Бүгін біз де сол бірлігімізді көрсетіп, Абай атамыздың ескерткішін жуып, айналаны нұрландырып жатырмыз. Бұл қатардағы тазалық қана емес, біздің тарихымыз бен мәдениетімізге деген ішкі тазалығымыз бен құрметіміз, - деп түйіндеді.

Таза қала - баршамызға ортақ
Сенбілік аясында алаңның санитарлық жағдайы жақсарып, ескерткіш маңайы жарқырап шыға келді. Мұндай акциялар қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндейді. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да шаһардың өзге де тарихи нысандары мен саябақтарында осындай игі шаралар жалғасын таппақ.

Аяулым Сағиолда

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив