
Еуразиялық экономикалық одақ қойған меже ШҚО-да қалай орындалып жатыр?
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшылығы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды тасымалдау кезінде қолданылатын тыйымдар мен шектеулер туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шектеулер қамтитын шеңбер
Баспасөз конференциясы аталған департамент ғимаратында өтті. Дөңгелек үстел форматындағы жиында алдымен ресми мәліметтер айтылып, артынша БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дінмұхаммед Жұмановтың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының қағидаты мүше мемлекеттер арасында тауарларды тасымалдау кезінде кедендік төлемдер жасалмауын көздейді.
– Бірақ мұндай еркіндік абсолютті емес екенін нақты түсіну қажет. Себебі, Шарттың 29-бабы мен 7-қосымшасында мемлекеттерге ұлттық қауіпсіздікті, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, сондай-ақ елдің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында уақытша тыйымдар мен шектеулер енгізу құқығы көзделген. Соған сәйкес елде мемлекеттік кірістер органдары тауарлар қозғалысын мониторингтеуді, тыйымдар мен шектеулердің сақталуын бақылауды жүзеге асыратын жүйе қалыптастырылған, – деді ол.
Аталған департамент өкілдерінің сөзінше, мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттарының бірі – мұнай өнімдерін әкетуді бақылау. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты көрінеді.
– Осыған орай Энергетика министрі міндетін атқарушының өткен жылғы бұйрығы негізінде, Әділет министрлігінде былтыр қараша айыеда № 37372 болып тіркелген мұнай өнімдерін әкетуге тыйым енгізілді. Аталған бұйрық ресми жарияланған соң 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енген болаты. Былтыр 20 қарашадан бастап, 2026 жылғы 20 мамырға дейін бензинді, дизель отыны мен жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды белгіледі. Бұдан бөлек, теміржол көлігімен әкетуге шектеулер енгізілді, – деді Дінмұхаммед Болатұлы.
Ауылдағы алыпсатарларға бақылау бар ма?
Шектеулер мұнымен аяқталмайды. Басшылық өкілдерінің мәліметінше, биыл 1 қаңтардан 30 маусымға дейін ЕАЭО аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, битум және жекелеген химиялық компоненттерді әкетуге тыйым енгізілді. Бұлай етудің себебі неде деген сауалға жауапты тұлғалар ішкі нарықта отын тапшылығына жол бермеу басшылыққа алынғанын жеткізді. Сонымен қатар бағаны тұрақтандырып, тауардың заңсыз әкетілуіне тосқауыл қою күн тәртібінде тұр.
Мәлім болғандай, тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын реттеу. Нақтысында, ішкі нарықты қолдап, мал басының қысқаруына жол бермеу мақсатында ірі қара мал бұқаларын әкетуге 2026 жылғы 30 сәуірді есепке алғанда тыйым енгізілді.
– Бұл шара Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрығы күшіне енген сәттен бастап қолданылады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ет өнімдерінің бағасын тұрақтандырып, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған, – деді департамент басшысының орынбасары.
Дабыл қағатын дерек демесек те, департамент өкілдері ЕАЭО-ның ашық шекаралары жағдайында малдың көрші елдерге жаппай әкетілу қаупі бар. Бұл ішкі нарықта тапшылыққа әкелуі мүмкін екен. Сол себепті уақытша шектеулер енгізу орынды қадам. Осыған қатысты сауалдар Самар ауданы тұрғындарынан түскен болатын. Олар сайт редакциясына қоңырау шалып, оңтүстік өңірлерден келетіндер малды орташа бағамен сатып алып, көршілес елдерге қымбат бағамен өткізетіндерін айтты. Мұның астары неде деген сауал тастады. Осыны департамент өкілдерінен сұрадық. Олардың сөзінше, мұны Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті реттеп, бақылай алмайды. Бұл жағын мал алып кеткен өңірдегі тиісті департамент жауапкершілігіне алуы тиіс. Егер Еуразиялық экономикалық одақ шектеулеріне бағынбай, тыйым салынған тауар, өнім, затты ЕАЭО аумағынан асырып сатқандарға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұны департамент өкілдері кәсіпкерлер мен тұрғындарға жүйелі түрде түсіндіріп жүргендерін айтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер