
Қазақстанда IFLA Дүниежүзілік Конгресін өткізу – маңызды тарихи оқиға
2025 жылы 18-22 тамыз аралығында Астана қаласында Әлемдік кітапхана және ақпарат конгресі – ИФЛА (IFLA) өткізілмек. Бұл шешімді Халықаралық Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (ИФЛА) Басқарма Кеңесі қабылдады. Ауқымды жиынға әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегат қатысады деп күтілуде.
Жалпы кітапханашылардың халықаралық конференциясы 1927 жылы құрылған Кітапханалар қауымдастығы мен мекемелерінің Халықаралық Федерациясының (ИФЛА) ұйтқы болуымен жыл сайын өткізіледі.
Конгресс аясында қатысушылар заманауи технологияларды, кітапханалық қызмет көрсетудің жаңа әдістері мен стандарттарын талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге, кітапхана саласындағы ұзақ мерзімді серіктестіктердің қалыптасуына ықпал етеді.
Сәл шегініс жасасақ, 1995 жылы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры Х.М. Ақжігітова Стамбулда өткен ИФЛА халықаралық конференциясына қатысты. Сол сапардан кейін әлем кітапханаларынан үйренетін дүние көп екенін, заманауи кітапхананың жаңа үлгісін жасау керегін түсініп, елдегі кітапханалардағы каталогты электронды нұсқаға ауыстырса ғой деген оймен қайтады. Стамбулдан Өскеменге оралған басшының есіне ақын Олжас Сүлейменовтің «Мыслить глобально, действовать локально» деген сөзі түсе берді. Осы сәттен бастап облыстың кітапхана саласында жаңашыл өзгерістер легі басталған еді.
Сонау 1996 жылы А.С. Пушкин атындағы кітапханада Кітапханалық қауымдастықтар мен бірлестіктердің халықаралық Федерациясын (IFLA – International Federation of Lirary Associations) құрайтын, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханашылар қауымдастығын құру туралы құрылтай конференциясы өтеді. Бұл кезде республика бойынша кітапханашылардың мұндай қауымдастығы әлі құрыла қоймаған кез болатын. «Күннің Шығыстан жарқырап шығатыны» секілді кітапхана ісі саласындағы идея да бірінші болып Шығыстан бастау алды. Қауымдастықты құрудағы басты мақсат – аймақтық автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық желісін құру, кооперация арқылы оның мүмкіндіктерін кеңейту, халықаралық байланысты нығайту, мамандардың біліктілігін арттыру, шығармашылық адамдарын ынталандыру, кітапханашылардың кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал ету еді.
Қауымдастықтың құрылуы, шынымен де кітапханашылардың күнделікті жұмысын түбегейлі өзгертіп, серпіліс пайда болды. Бұл кез Қазақстанда интернет жүйесінің енді ғана дамып, тарала бастаған кезі-тұғын. Ал өңір кітапханаларында тіпті компьютердің өзі саусақпен санарлық еді. Мемлекеттен қаржыландырылатын мекеме болғандықтан, қосымша қаржы көзі жоқ. Сондықтан, Хабиба Мырзаханқызы қаржылық мәселені шешу жолдарын іздей отырып, бұл тұйықтан шығудың жолы кітапхана саласына инвестиция тарту екенін жақсы білді. Инвестиция тартудың бір жолы – халықаралық гранттарды ұтып алу. Грант ұтып алудың да өзіндік ережесі, тәртібі бар. Ешкім де қомақты қаржыны қолыңа ұстата салмасы анық. Ол үшін түбегейлі іздену, жобалар жазып, оны қорғау керек болды.
Тынымсыз еңбектің нәтижесінде Ассоциация мүшелері Х. Ақжігітованың басшылығымен Қырым халықаралық конференциясына, Түркия, Франция, Нидерланды, Германия, Норвегия, Корея, Канада, Швеция, Сингапурда өткен ИФЛА жиындарына қатысты. Америкалық әріптестермен тәжірибе алмасу бағдарламаларына да қатысты.
Біз Дүниежүзілік конференцияларға қатыса отырып, кітапханаларымызды қалай тиімді әрі тартымды етуге болатынын жақсырақ түсіне бастадық. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заманауи технологияларды қолдана отырып, адамдардың өмір сапасын жақсартатын қызмет түрлерін ұсынуға болатынын ұғындық.
Айта кетсек, 2023 жылы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана мамандары Роттердамда (Нидерланды) «Let’s work together, let’s library» тақырыбымен IFLA-ның 88-ші Дүниежүзілік кітапхана және Ақпарат Конгресіне қатысты. Конгрестің негізгі тақырыбы әр адамның қатысуға тең мүмкіндігі бар инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі болды. Кітапханашылар кәсіби диалогта жеке тұлғаның дамуын ынталандыру, кітап оқуға қызығушылықты арттыру, тілдік және цифрлық дағдыларды дамыту сияқты мәселелерді талқылады. Қазір кітапханада осындай бағыт-бағдармен «Инклюзивті анимация студиясы «Бала-ДАРЫН», «TехноSHEBER: 3D-баспа инклюзия-орталығы» алаңдары жұмыс істейді.
Қуанышты оқиғаның бірі, биылғыИФЛА жиынына тегін қатысуға Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері Руслан Бабиров IFLA WLIC 2025 Central Asia Grant - грантын жеңіп алды. Ол Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресінде (WLIC) Оралхан Бөкей атындағы кітапхана атынан инклюзия мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы «Бала-ДАРЫН» инклюзивті анимация студиясымен және қоғамның барлық мүшелерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларын таныстырады.
Біз әлемдік ИФЛА жиындарына не үшін қатысамыз?
Өйткені, IFLA – бұл жай ғана халықаралық конференция емес. Бұл – кәсіби даму алаңы, әлем кітапханаларының үздік тәжірибесін үйреніп, өз ісімізге бейімдеуге жаңа серпін беретін орта. Біз үшін IFLA-ға қатысу, ол – халықаралық жобаларға араласу, оқу сапарларына шығудың қозғаушы күшіне айналған. Сондықтан да, кітапханалар мүмкіндігінше IFLA ұйымының мүшесі болып, оның жұмысына белсенді қатысқаны өте қажет.
Бұл ұйымның бастамалары мен құжаттары бізге кітапхананың болашағын дұрыс бағытта дамытуға жол көрсетеді. Солардың бірі – IFLA/ЮНЕСКО-ның 2022 жылғы Көпшілік кітапхана жөніндегі Манифесі. Онда көпшілік кітапхананың әрбір адамның білім алуына, шығармашылық дамуына жол ашатын орын екені анық айтылған. Көпшілік кітапханалар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің оқу дағдысын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Біз IFLA-ның басты мақсаттары мен құндылықтарын өз әріптестерімізге, кітапханашыларға жеткізіп отыруымыз керек. ИФЛА-ның маңызды құжаттарын, стратегиялық мәлімдемелерін, Конгресс баяндамаларын қазақ тіліне аударып, қолжетімді ету – ортақ міндет. Бұл неліктен маңызды?
Себебі әр елдегі, әр аймақтағы кітапханалардың даму деңгейі әртүрлі болғанымен, бәрімізге ортақ мәселелер баршылық. Мысалы:
- балалар мен жастарға арналған цифрлық қызметтердің жетіспеуі;
- инклюзивтілік пен цифрлық білімге тең қол жеткізу;
- жасанды интеллект (AI) арқылы жаңа қызмет түрлерін жасау;
- ресурстарды басқаруда заманауи технологияларды пайдалану.
ИФЛА ұйымы осы және басқа да өзекті де түйінді мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Соның арқасында біз әлем кітапханаларының ең үздік тәжірибесін пайдаланып, өз жұмысымызға бейімдей аламыз. Бұл – даму жолындағы ортақ көзқарасты қалыптастыру деген сөз.
Ал, Болашақ кітапхана – жай ғана кітаптар тұрған орын емес, ол өмірді өзгерте алатын кеңістік, яғни, ол:
- цифрлық платформа,
- баршаға ашық, қолжетімді орта,
- мәдени және білім беру кеңістігі,
- дәстүр мен болашақты жалғайтын көпір.
Ойымызды түйіндесек, Қазақстанда – ИФЛА-ның Дүниежүзілік Конгресін өткізу – еліміздің кітапхана саласының дамуына тың серпін беретін маңызды оқиға болады. Өйткені, әлемдік деңгейдегі басқосу кітапханалардың қызмет сапасын арттыруға, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, қоғамды жаңаша дамытуға, сондай-ақ жас ұрпаққа заманауи технологиялар арқылы білім беру ісін жетілдіруге бағытталған.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда кітапхана ісіне, кітап оқу мәдениетін көтеруге ерекше назар аударып, «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың жады» екенін атап өткен болатын. Және де бұл сөздер Қазақстандағы кітапхана ісінің маңызын айқындай түседі.
Біздің елімізде ИФЛА Конгресі сияқты жаһандық деңгейдегі іс-шараның өтуі – үлкен сын әрі жауапкершілік пен сенім жүгі. Сондықтан қазақстандық кітапханалар Астанада өтетін осы тарихи жиынды қолдап, оған белсенді түрде қатысуы тиіс. Бұл тек кәсіби сала өкілдері үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де үлкен мәнге ие.
Шекер Нұрғалымқызы,
Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер