A+ A A-

talgatzhan 57 11-10-2024, 13:42 0

Мемлекеттік тілді цифрландыру керек

Өзге

Мемлекеттік тілдің дамуы үшін отбасында тәлім-тәрбие, қарым-қатынас тілі қазақша болу керек. Отбасында қазақ тілін біліп өскен бала өсе келе өз тілін ұмытпайды.

Мен Бауыржан Момышұлының мына бір сөзін үнемі тыңдаушыларыма да айтамын: «Егер бала отбасында өзінің әкесін, анасын сыйламаса, аға-әпкесін құрмет тұтпаса, ондай бала өскенде өз Отанын, тілін сүймейді. Отанға, тілге деген махаббат ата-анасын қадір тұтқан балада болады. Олар отбасында ата-ананың қадірін біліп, жылуын сезіп өседі, сондықтан да мұндай бала өскенде өз елінің нағыз патриоты бола алады». 

Қазақ тілі - рухани құндылыққа тұнып тұрған тіл. Жалпы тіл ұлт деген ұғыммен бірге жүреді.  Бірақ біздің қоғамда басқару элитасының көпшілігінің рухани құндылықтары, қатынас тілі орыс тілімен біте қайнасып жатқаны жасырын емес. Сондықтан да мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің қолданыс аясы тар болғандықтан алға баспай келе жатыр. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы осы бір олқылықтың орнын толтырады деген сенімдемін. 

Мемлекеттік тілдің болашағы үшін аса маңызды тұжырымдаманы іске асыруда әрбір мемлекеттік мекеме осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, өздерінің іс-шара жоспарларын жасап жұмыс жүргізетін болады.

Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту мәселесін сөз еткенде заманауи форматта оны цифрландыру керек екенін ұмытпау керек. Өйткені, қоғам күнделікті өзгеріп, жаңа технологиялар іске қосылып жатыр. Қазақ тілінің осы бір өзгерістен қалыспай, бірге ілесіп отыруы үшін оны міндетті түрде цифрландыру керек. Қазақ тілінің цифрлы мүмкіндіктерін  қоғамдық өмірдің барлық саласындағы кеңінен қолдану - бүгінгі күннің аса маңызды міндеті. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік тілді цифрландыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізуде.  Осы бағыттағы жұмыс Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында да жүріп жатыр.

Кайдарова Ләззат Әскербекқызы, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушы-тренері


Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив