A+ A A-

talgatzhan 87 13-10-2024, 17:30 0

"Полицей болу - бала арманым": Погон таққан талапшыл басшы

Өзге
Қарапайым халықтың бостандығы мен құқығын қорғау, тәртіп сақшысы болып заңның орындалуын қамтамасыз ету, қылмысты тергеу және жедел көмек көрсету - әрбір полиция қызметкерінің тікелей міндеті. Бүгін біз сіздерге дәл осы айтылған қағидаларды мүлтіксіз орындап, Қазақстан полициясының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан шенді аруымыз - Қарлығаш Жүсіпованы таныстыратын боламыз.
 
Қарлығаш Жүсіпова - ШҚО Зайсан қаласының тумасы. Кішкентай кезінен погон тағып, полицей болуды өмірлік мақсаты еткен Қарлығаш бүгінде өз ортасында сыйлы, жұмысын асқан жауапкершілікпен атқаратын, өзіне сенімді, құрметті қызметкер.
 
Таңдаған мамандығына адалдық танытып, жолында кездескен қиындықтарды тайсалмай еңсере білген полиция подполковнигі бала кезден әртүрлі спорт түрлерімен белсене айналысқан. Тіпті, киокусинкай каратэден спорт шеберіне кандидат атағын иеленгенін атап өтпесе болмайды.
 
Қызметтік жолын 2003 жылы Ішкі істер органдарында хатшы болып бастап, алғашқы дайындық курстарын сәтті аяқтаған Жүсіпова Қарлығаш бүгінде ШҚО ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасында, ал оның ішінде Идеологиялық және психологиялық жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. 
 
Жалпы, Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен тиімділігін арттыратын, жүйелік жұмыс өнімділігін көтеруге бағытталған бөлімше. 
Кадр бөлімінің негізгі қызметіне кадрларды жинақтау, оларды оқыту және дамыту, қызметкерлердің жұмысын бақылап, оң бағасын беру сынды міндеттемелер кіреді. Кадр қызметкерлері полиция жұмысын ұйымдастыру мен басқаруда маңызды рөл атқаратынын айта кетейік.
 
«Біздің ұжымда тек шығармашыл адамдар жұмыс істейді. Әріптестерімізбен шығармашылығымызды үйіп төгіп әрдайым нәтиже берер дүние жасауға тырысамыз. Бірақ шын айтатын болсам, адам полицей немесе кадр қызметкері болып туыла салмайды, қажырлы еңбектің нәтижесінде келеді. Бұл күнделікті оқу процесі, өзіндік ерекшелігі бар әртүрлі жағдайлар болып тұрады деп айтсам да болады. Шығармашылық, гуманитарлық, техникалық білімі бар адам үшін кез келген салада ең бастысы - бұл жұмыс істеуге деген ұмтылыс, не істеп жатқаныңызды және не үшін істеп жатқаныңызды түсіну. Өз жұмысыңды жақсы көру, кейде жұмыспен өмір сүру және оның басқа адамдарға пайда әкелетініне қуануды үйрену маңызды», - дейді кейіпкеріміз.
 
Полиция подполковнигі Жүсіпова Қарлығаш қызметінен бөлек, құдай қосқан жан жарымен екі ұл тәрбиелеп отырған ардақты ана. Отбасылық өмірде де жолы болған ол жұбайымен 19 жыл бұрын отау құрған. Айта кету керек, кейіпкеріміздің күйеуі де Ішкі істер органында ұзақ уақыт қызмет атқарған полицей.
 
«Бұйыртса болашақта ұлдарымыз да біздің жолымызды жалғастырып, иесі болғылары келеді. Дегенмен, әрине барлығын уақыт көрсетеді, өздерінің қалаған таңдауларын жасап, еліміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосатын нағыз азамат болатындарына сенімдімін», - деді Қарлығаш Айваровна жүрекжарды ойымен бөлісіп.
 
ШҚО ПД Тәрбие және Кадр жұмысы басқармасында өмірінің 20 жылдан астам уақытын өткерген Жүсіпова Қарлығаш Айваровнаның қоржынында бір емес бірнеше медальдар, одан бөлек «ІІМ құрмет грамотасы», алғысхаттар, 1, 2 дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, I, II, III дәрежелі «Ішкі істер органдарының мінсіз қызметі үшін» грамотасымен марапатталған. Әріптестерін өткен кәсіби мерекесімен құттықтаған кейіпкеріміз Қарлығаш барлығына зор денсаулық пен отбасыларына амандық, әрдайым жақсы көңіл-күйде болуын тілеп жылы лебізін білдірді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив