Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев несие беру кезінде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдарды тексеру іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
«Психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар туралы ақпарат ашық па? Бізде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандардың бірыңғай тізімі бар ма?», - деп сұрады халық қалаулысы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтарға кредит шектеу туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
- Қазіргі уақытта Азаматтық кодексте аталған тұлғаларға сот шешімі бойынша кредит беру шектеледі. Біз оған қосымша нормативтік деңгейде бірқатар түзету дайындадық. Банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі бар, сол арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары осы санатқа жататын азаматтар үшін кредит беруді шектеу, оларға жоғары тәуекел деген мәртебесін қояды және оларға кредитті шектейді. Бірақ та ол азаматтар бойынша мәліметтің бәрі кредиттік бюроның ішінде болуы керек. Ақпарат кредиттік бюрода болса, банктер одан ақпаратты алып, соларға «жоғары тәуекел» деген мәртебе береді. Лудомандар бойынша жұмысты өткен жылдан бері жасадық. Қазір барлық ақпарат кредиттік бюрода жиналады, олар арнайы тізім жасайды. Соңғы алты айда онлайн платформаларға 300 мың теңгеден астам мөлшерде тұрақты ақша аударымдары болса, сол азаматтарды тізімге кіргізеді, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің сөзінше, 18 мыңнан астам адам наркомания бойынша динамикалық бақылауда тұр.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер