Қаламыздағы жоғарғы оқу орындары студенттерінің «Oqyrman клубы» жұмыс істеуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кітап сүйер қауымға құшағын айқара ашқан клуб оқудан бөлек кітапты талдау, пікір алмасу, шығармаға толыққанды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Кітап талдау болсын немесе мәдени шаралар ұйымдастыру барысында жәй бас қосу болсын студенттер ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасына да келеді. Олардың қалауымен 2023 жылы тұсауы кесілген клубымыз екінші жылда талай кітапқұмар жастардың сүйікті ордасына айналды.
Мысалы,соңғы талдаған Санжар Керімбайдың “Өмірге ғашық болу” кітабын алайын. Бір кітап, сан алуан пікір қақтығысы. Бір оқырманның айтуынша, кітаптағы өмірдің басты мәні делінген Франклдың: «Біз өмірге айналадағы жұртты қуанту үшін ғана келдік. Қасыңдағы адамның түріне, жынысына, мәртебесіне, діни сеніміне, әлеуетіне қарамастан, оған шаттық сыйлау үшін ғана туғанбыз» – деген пікірін алға тартып, құптап өтті. Ол оның өз тарапынан түйіп, түсінгені болатын.
Ал осы тұста тағы бір оқырман осыған кері пікір білдірді. «Адам өзгелерге көмектесу барысында таңдау жүргізе алуы керек, жақсылықты көрінген адамға жасау орынсыз, жақсылығыңды түсінетін адамның жөні бөлек, ал жақсылыққа жамандықпен жауап берушіге екінші жақсылық қылу мәнсіз» - деді. Осындай қайшы пікірлер кітапты жан-жақты түсініп, дұрыс пікір қалдыруға жол ашады. Кез келген картинаны алғаш көргенде әр адам әртүрлі затты байқауы мүмкін. Ол өзгелермен санасып, олардың не байқағанын түсінгенде картина толық құралады. Сол сияқты біздің клубта кітаптағы ойларды жан-жақты талқыға сала отырып, толық қамтып өтеміз.
Жастардың өз ойын ел алдында ашық білдіруінің өзінде осы пікірталастың алар орны ерек. Клубтың басты мақсаты да - осы!
Пікірлер