Білім күні қарсаңында ШҚО ТЖД құтқарушылары мен «Казцинк» ЖШС танымдық анимациялық фильмді таныстырды. Бұған дейін өрт кезіндегі және судағы қауіпсіздік ережелерін баян еткен анимациялық кейіпкерлер Айа мен Тентек енді жер сілкінісі туралы айтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мультфильм әр балаға мүмкіндігінше қарапайым және түсінікті тілде жасалған. Сан түрлі қауіпсіздік ережелерін ойын түрінде көрсеткен анимация баланың есте сақтауына жеңіл, жадында тез сақталмақ.
Анимациялық фильмнің жаңа бөлімі «Білім күнінде» тікелей эфирде көрсетілді. Құтқарушылар бірінші сынып оқушыларына нұсқау беріп, алғашқы дүмпу кезінде сыныптағы қауіпсіз орындарды қалай табуға болатынын көрсетті.
- Бұл жоба облыстық ТЖД-мен бірлескен кезекті туынды. Жаңа мультфильм балаларды төтенше жағдай кезіндегі мінез-құлық және қауіпсіздік ережелерін үйретуге бағытталған. Біз осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпақ тәрбиесіне әсер етіп, ел болашағына үлес қосамыз деген ойдамыз. Мультфильм арқылы әр бала қарапайым ережелерді ұстанса өз өмірін қорғап, құтқара алатынын біледі, - дейді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Пікірлер