A+ A A-

talgatzhan 29 14-10-2024, 16:23 0

ШҚО-да биыл тоғыз адам өндірісте көз жұмды

ШҚО

Жыл басынан бері облыста өндірістегі жарақаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген, десек те өлім-жітім саны азаймай тұр. Жалпы алғанда, былтыр 75 оқиға тіркелсе, биыл 70 жазатайым оқиға болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сандар сөйлейді

Өндірісте еңбектеніп, өлім аранына түскендердің саны былтыр адам болса, биыл тоғызға артты.

 – Жыл басынан бері аймақта үш топтық жазатайым оқиға болды, соның нәтижесінде тоғыз адам зардап шекті. Былтыр алты топтық оқиға тіркеліп, 13 адам жарақат алды. Жергілікті полиция бөлімшесіне 68 өндірістік жазатайым оқиға жөнінде арнайы тергеу жүргізу үшін хабарлама жіберілді. Нәтижесінде 106 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал екі адам жұмыстан шеттетілді. Тағы екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді Бақытбек Қизатов.

Ресми мәліметке сүйенсек , облыс бойынша өндірісте болған жазатайым оқиғалардың 37%-ы тау-кен металлургия саласында тіркелген. Бұл саладан кейінгі орында құрылыс секторымен мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын кәсіпорындар тұр. 2024 жылы тоғыз өлім-жітімнің бесеуі жол-көлік апаттарымен байланысты. Бұл жағдайлар ауа райының қолайсыздығына, әсіресе, қысқы және көктемгі кезеңдегі тайғақ, жылынып, кенеттен суық түсуіне, сондай-ақ жүргізушілердің сақтық шараларын ескермеуінен тіркелген. Қалған төрт өлім 2024 жылдың 31 тамызында “Востокцветмет” кәсіпорнының шахтасында болған апатпен байланысты.

– Жазатайым оқиғалардың басты себебі сол, жұмыс берушілердің қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамауы және еңбек жағдайларын алдын-ала қамтамасыз етпеуі. Дегенмен кейде екі тарап та жазатайым оқиғаға себепші болуы мүмкін. Яғни кейде қызметшілер жұмыс беруші тарапынан қабылданған шараларға қарамастан, қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Жарақаттану жағдайларының 40%-ы екі жақтың да кінәсінен болады, – деді Бақытбек Қизатов.

Мәселенің түйткілі шешіле ме?

2013 жылдан бастап мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысы республика деңгейіндегі комитеттерден алынып, жергілікті әкішіліктің құзырына берілгеннен кейін облыстағы жазатайым оқиғалардың саны 40%-ға азайған. Десек те соңғы уақытта көрсеткіштерде өсу байқалады. Басқарма басшысы бұл мәселелерді ауа-райы жағдайымен, жаңа өндірістер мен цехтардың ашылуымен, білікті мамандардың жұмыстан кетуімен және тәжірибесіз жұмысшылардың келуімен байланыстырады. 

– 2024-2030 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі концепциясы қабылданды. Оның мақсаты – жұмыс істейтін мың адамға шаққанда өндірістік жарақаттану деңгейін 25%-ға төмендету. 2024 жылдың мамырында Шығыс Қазақстанда әлеуметтік серіктестік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша өткен үшжақты комиссия отырысында осы концепцияны жүзеге асыруға арналған жол картасы бекітілді. Бұл құжат жазатайым оқиғалардың санын азайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Облыстағы 90 кәсіпорында еңбек жағдайлары бойынша аттестация жүргізілді. Яғни, бұл 184 өндірістік нысанды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қамтиды. 185 кәсіпорында қауіпсіздік стандарттары енгізілді (OHSAS 18001, МОТ-СУОТ). Жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған келісімдердің үлесі белсенді кәсіпорындардың 65,1%-ын құрайды, - делінген ресми мәліметте.

Мәселенің алдын алу үшін облыстағы 14 кәсіпорында 64 адам денсаулық жағдайына байланысты қауіпсіз еңбек жүргізу мен қауіпсіздік техникасын оқыту бойынша бақылаушы ретінде жұмысқа қабылданды. 17 кәсіпорында тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша вертикалды бақылау моделі енгізілді. Бақытбек Қизатовтың айтуынша, 2024 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда 5,4 мыңнан астам ұжымдық келісімшарт жасалды. Бұл барлық белсенді кәсіпорынның 75,6%-ын құрайды. Ірі және орта бизнес 100% call-келісімдер жасаса, шағын бизнес 70,2%-ға келісімшартқа отырды. 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты комиссияның келісімі 31 мамырда тіркелді. Цифрландыру аясында еңбек келісімшарттарын Enbek.kz жүйесіне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.


Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив