Өңірде қысқы төтенше жағдайларға жедел ден қою жөніндегі арнайы топ құрылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның құрамында 3360 адам және 905 техника бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды басқару бөлімінің бастығы Эльдар Шаймарданов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, қызметтердің қарамағында 318 қар тазалағыш, 234 инженерлік, 225 эвакуациялық және 128 басқа да көлік бар. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, техникалар қыс мезгіліне толық дайын.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиаспас» АҚ-ға тиесілі Ми-8 тікұшағы Өскемен әуежайында адамдарды эвакуациялау және құтқарушыларды тасымалдау үшін кезекшілік етуде.
Ұлан ауданына қарасты Привольное ауылындағы Өскемен-Семей тасжолында Апаттар медицинасы орталығының автомобиль жолдарындағы медициналық-құтқару станциясы жұмыс істейді. Зардап шеккендер сол жерде жедел медициналық көмек ала алады. Станция қар құрсауында қалған адамдарға көмек көрсетіп, оларға қажетті дәрі-дәрмектерді береді.
Сонымен қатар облыстық және республикалық жолдарда жеті жылыту станциясы орналасқан. Оның төртеуі облыстық және үшеуі республикалық маңызы бар жолдарда тұр.
Пікірлер