Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі талқыланды. Жиынға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін және ауыр дертке шалдыққан науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде өңірде орфандық аурулары бар 47 ересек пациент пен 17 бала қажетті ем-дом алып жатыр. Олардың қатарында күнделікті өміріне тұрақты медициналық бақылау мен қымбат дәрілік препараттар қажет ететін науқастар бар.
Жалпы облыста 115 түрлі ауру бойынша 140 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Оның 134 мыңы мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы он айында тұрғындарға 1,9 миллион дәрілік препарат берілген. Әсіресе, орфандық, яғни сирек кездесетін аурулары бар балаларды емдеуге басымдық беріліп отыр. Мәселен, нейрофиброматоз диагнозы қойылған үш балаға арнайы терапияға арналған «Коселуго» препараты сатып алынған. Сондай-ақ ювенильді идиопатиялық артритпен ауыратын балалар «Адалимумаб» және «Тофацитиниб» препараттарымен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, муковисцидозбен ауыратын балаларға өмірлік көрсетілімдер бойынша таргеттік терапия жүргізілуде. Ал атипиялық гемолиздік-уремиялық синдромы бар балаға «Экулизумаб» препараты берілді. Бұл дәрілік заттар сирек кездесетін дерттердің асқынуын тежеуге және науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірде дәрі-дәрмекті халыққа қолжетімді ету бағытында да тиісті жұмыс жүргізілуде. Қазір облыста тегін препараттар тарататын 28 дәріхана пункті жұмыс істейді. Оның 16-сы қалада, 12-сі аудандарда орналасқан.
Дәрілік заттардың берілуін бақылау мен есепке алуды жетілдіру үшін «eGov Mobile» қосымшасы арқылы «Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау» және «Әлеуметтік әмиян» жобалары енгізілуде. Бұл бастамалар азаматтардың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың дәрі-дәрмек алуын жеңілдетіп, жеткізілімнің ашықтығын арттыруға бағытталған. Тұрғындарды тегін дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету, әсіресе сирек кездесетін аурулары бар балалар мен ересектерге қажетті емнің қолжетімділігін сақтау мәселесі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Пікірлер