453.64 508.17 5.59
A+ A A-

Қазақстанда заңсыз аңшылық пен балық аулауға қарсы күрес күшейді

Қазақстанда заңсыз аңшылық пен балық аулауға қарсы күрес күшейді [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Заңсыз айналымнан ондаған тонна балық, жүздеген аңшылық қару мен киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ведомство дерегіне сүйенсек, есепті кезеңде құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам балықты, соның ішінде 1,5 тонна бекіре тұқымдас балықты және 11 келіге жуық уылдырықты тәркілеген. Сонымен қатар, 361 киік мүйізі, заңсыз балық аулауға арналған 29 шақырымға жуық тор және 345 аңшылық қару тәркіленді.

Табиғатты қорғау талаптарын бұзғаны үшін 13 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш браконьерлікпен қатар, табиғи байлықтарды заңсыз тасымалдау мен сақтауға да бақылау күшейгенін аңғартады.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінде полиция қызметкерлері құжатсыз балық тасымалдаған көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында "Газель" автокөлігінен бір тоннаға жуық балық, екі қайық және олардың қозғалтқыштары табылды. Қазір тәркіленген балықтың қайдан алынғаны және оны аулаудың заңдылығы тексеріліп жатыр.

Ал Аққайың ауданында полиция қызметкерлері қорықшымен бірлесіп, заңсыз аң аулау дерегін анықтаған. Күдік тудырған автокөлікті тексеру кезінде сібір елігінің екі ұшасы мен екі аңшылық қару табылды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Ішкі істер министрлігі браконьерлікке қатысы бар адамдарды анықтаумен ғана шектелмей, заңсыз жолмен алынған табиғи ресурстарды тасымалдау, сақтау және сатумен айналысатын тұлғаларды да жауапқа тартуға басымдық беріп отыр. Жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы жұмыстар осыған байланысты кешенді түрде жүргізілуде.

Полиция жұмысының тағы бір бағыты – заңсыз қару айналымының жолын кесу. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары заңсыз сақталған және айналымда жүрген әртүрлі қарудың екі мыңнан астам бірлігін тәркілеген. Олардың арасында қылмыстық істерге қатысы бар 184 қару және Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару бар.

Қару-жарақтың заңсыз айналымын анықтау жұмыстары жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында да жүргізіліп келеді. Мәселен, 20-23 қазан аралығында өткен республикалық "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы кезінде төрт күннің ішінде 170-тен астам атыс қаруы мен әртүрлі калибрдегі 800-ден астам оқ-дәрі тәркіленген.

Сонымен бірге Алматы, Шымкент қалаларында және Жетісу облысында Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған төрт қару анықталып, тәркіленді.

Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын еске салады. Бұл ретте полиция табиғи ресурстарды заңсыз иемденуге, браконьерлікке және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастырмақ.

Фото: dknews.kz

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив