Қазан айындағы мәлімет бойынша 31 404 жеке тұлғаның, 1 856 заңды тұлғаның және 1 905 жеке кәсіпкердің салық қарызы өтелмеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жеке тұлғалар арасында көлік салығын төлемегендер басым болса, заңды тұлғалардың берешегі негізінен тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстар саласына тиесілі.
ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері салық қарызын ерікті түрде өтемеу шоттар мен мүлікке қатысты мәжбүрлеу шараларына, банк карталарының бұғатталуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
– Біз салық төлеушілермен тұрақты түрде байланыс орнатамыз. Қажет болған жағдайда заңнамада көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданамыз. Сонымен қатар салықтарды уақтылы төлеудің маңызын түсіндіреміз. 10 қарашадағы жағдай бойынша жеке тұлғалардан 481,8 миллион теңге, ал заңды тұлғалардан 2 715,9 миллион теңге өндіріп алынды, – деді департамент басшысының орынбасары Шәріп Сейкенов.
Анықталғандай, жеке тұлғалардың салық берешегін есептеу кезінде төлеу мерзімі 31 наурызда аяқталған көлік салығы, 2026 жылғы 1 қазанға дейін төленуі тиіс мүлік салығы ескерілген.
Салық қарызын өндіріп алу жұмыстарына жеке сот орындаушылары да тартылған. Осыған байланысты департамент азаматтарға мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына жол бермей, бюджет алдындағы берешегін алдын ала тексеріп, уақтылы төлеуге кеңес береді.
Салық берешегі туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің порталындағы жеке кабинеттен, eGov.kz сайтынан, 1414 байланыс орталығы арқылы, e-Salyq Azamat және Kaspi.kz қосымшаларынан білуге болады. Салықтарды Kaspi, Halyk және басқа да екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, төлем терминалдары арқылы төлеуге мүмкіндік бар.
Пікірлер