Бюджет қайта қаралды: Өскемендегі қазандық қайта жаңғыртудан өтеді
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Облыс орталығындағы қазандықты қайта жаңғыртуға бюджеттен қаражат бөлінеді. Бұл туралы Құрылтай «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды үшінші оқылымда қабылдағанда белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Заң жобасын талқылау барысында 2027 жылғы бюджет шығыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында қайта қаралды. Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге бөлінді. Бюджетті қалыптастыру кезінде оның әлеуметтік бағыттылығын сақтау басты назарда болды. Жалпы қаражаттың үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға жұмсау жоспарланған. Сондай-ақ өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қолдауға қаражат қарастырылды.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар 2027 жылы Мемлекет басшысы тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар түзетулерді қолдады. Атап айтқанда, 114,1 млрд теңге Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында жарияланған бастамаларды іске асыруға бағытталады. Олардың қатарында ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің жалақысын арттыру және орта білім беру саласына жасанды интеллект енгізу бар. Тағы 101,5 млрд теңге Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын орындауға қарастырылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға және «Балқаш» атом электр станциясы жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Сонымен қатар республикалық бюджетті тиімді әрі сапалы орындау мақсатында мемлекеттік органдар арасында 135,5 млрд теңге қайта бөлінді.
Құрылтай депутаттары бастамасымен 2027 жылғы бюджетте өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылды. Бұл жобалар жылу және энергетика жүйелерін жаңғыртуға, елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнеркәсіптік аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Жылу, электр энергиясы және газ тасымалдау жүйелеріне қатысты жобаларға 28,1 млрд теңге бөлінеді.
Атап айтқанда:
- Ақмола облысында Қорғалжын ауданындағы жылу желілері жаңартылады. Көкшетауда тұрмыстық және ауыз сумен жабдықтау жүйесі мен кәріз коллекторы салынып, Атбасар қаласындағы орталық қазандық қайта жаңартылады.
- Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында газ құбыры мен газ тарату желілері салынады.
- Жамбыл облысының Талас ауданында газ тарату желілері жүргізіліп, Тараз қаласында қосалқы станция құрылысы жоспарланған.
- Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен және Сәкен Сейфуллин ауылдарында газбен жабдықтау желілері салынады. Абай ауданындағы магистральдық жылу желісі реконструкцияланады.
- Қостанай облысының Қамысты ауданында газ тарату желілері салынып, Арқалық пен Лисаковск қалаларындағы магистральдық жылу желілері жаңартылады.
- Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожаберді және Сүттіқұдық елді мекендерінде газ құбыры мен қалаішілік газ тарату желілері салынады.
- Маңғыстау облысының Ақтау қаласында жаңа қазандық салу көзделген.
- Абай облысында Семей қаласындағы екі мектептің орталық жылыту пункттері мен жылу желілері қайта жаңартылып, қуат трансформаторлары жаңғыртылады.
- Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимское ауылында жылумен жабдықтау желілері салынып, Уәлиханов және Ақжар аудандарында жоғары вольтты сақиналы желі жүргізіледі.
- Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласындағы қазандық қайта жаңартылады.
- Жетісу облысының Текелі қаласында жылу желілері жаңартылып, Ұлытау облысында газ құбырының тармағы мен Атасу автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады.
Атырау облысындағы өзен жағалауларын нығайту жұмыстарына қосымша 2,5 млрд теңге бөлінеді. Қаражат Алға ауылындағы Жайық өзені жағалауын, сондай-ақ Махамбет ауданындағы Махамбет, Бейбарыс және Талдыкөл ауылдарын су тасқынынан қорғауға бағытталады. Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарындағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге қарастырылған.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер